Жұмыспен қамтитын жоба көп

Оқу орнын жаңа бітірген тәжірибесіз жас маманға жұмысқа орналасу оңайға соқпайды. Мемлекет тарапынан да жастарды қолдауға бағытталған жобалар аз емес.

2021–2025 жылдарға арналған «Кәсіпкерлікті қолдау» ұлттық жобасы аясында еліміздің барлық өңірінде «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Қоғамдық жұмыс» сынды бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр.

ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫ

Түлектерге алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға көмектесу үшін жұмыспен қамту орталықтары жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шарасын ұйымдастырады. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, білім беру ұйымдарын алдыңғы 3 жыл ішінде бітірген және 29 жастан аспаған жұмыссыз түлектер «Жастар практикасына» қатысушы ретінде белгіленеді. Жастар практикасына арналған жұмыс орындары меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарда құрылады. Сонымен бірге жұмыс орындары түлектің білім беру ұйымында алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес болуы тиіс. Салықтарды, міндетті зейнетақы жарналарын және басқа да әлеуметтік аударымдарды ескере отырып, айлық жалақы 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

«Жастар практикасына» қатысу үшін түлек тұрғылықты жеріндегі Жұмыспен қамту орталығына өтінішпен жүгінуі тиіс.

ҰРПАҚТАР КЕЛІСІМШАРТЫ

2020 жылдан бастап Қазақстанда нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба жас маманды әрі қарай зейнетке шығатын қызметкерді алмастыратындай жұмысқа орналастыруды көздейді.

Жоба шеңберінде жұмыс беруші ниет танытушы азаматты кейін зейнетке шығатын адам босататын жұмыс орнына қабылдайды. Шарт 6 ай мерзімге жасалады. Осы уақыт бойы мемлекет жас маманның жалақысын 30 АЕК мөлшерінде субсидиялайды. Осылайша жобаға қатысушы міндетінің мәніне тереңірек үңіліп, тәжірибе жинақтайды және тәлімгер зейнетке шыққанға дейін, оны толығымен ауыстыратын жағдайға жетеді. Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін, жұмыс беруші оны бұрынғы жұмысшының жалақысымен тұрақты жұмысқа қабылдайды.

АЛҒАШҚЫ ЖҰМЫС ОРНЫ

Жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оларды қажетті еңбек дағдыларына, бірінші жұмыс орнына бейімдеу мақсатында жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыз жастарды алғашқы жұмыс орнына жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыспен қамтуды ұйымдастыру бірінші рет жұмыс іздеп жүрген түлектерге (оның ішінде ЖОО түлектеріне), жұмыс іздеушілерге, жұмыссыздарға, Жұмыспен қамту орталығына тіркелгеніне қарамастан жиырма тоғыз жастан асқан жастар, оның ішінде NEET санаттары, жұмыс тәжірибесі жоқтар қатарынан жүзеге асырылады. Алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектердің «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналасуы кәсіптік білім туралы дипломда көрсетілген немесе білім беру профиліндегі ұқсас мамандыққа (кәсіпке) сәйкес жүзеге асырылады.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасында жұмыс беруші Жұмыспен қамту орталығымен келісім негізінде «Еңбек» бағдарламасына қатысушыны кемінде 24 ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналастырады, ал Жұмыспен қамту орталығы жалақыны 1 жылға субсидиялайды.

Жергілікті бюджеттен ай сайынғы субсидия мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақыны және банктік қызметтерді қосқанда).

Қарағанды қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы