Жұмыс көп, маман жоқ

Қоғамда екі қолға бір күрек таппай жүрген жан көп. Оның жартысы — оқу бітірген жас маман. «Дегенмен жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталығына жүгінсеңіз, жұмыс табылады», — дейді Қарағанды қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұржан Хамитұлы Сыздықов.

” Бүгінгі таңда Қарағанды қаласы əкімдігінің жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде 971 адам тіркелген

Жұмыссыз адамдарға 2021– 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны» бағыттары бойынша уақытша жұмысқа және тұрақты жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі.

Қоғамдық жұмыстар — халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастыратын, жұмысшылардың 12 айға дейін алдын ала кәсіби даярлануын талап етпейтін уақытша жұмыс орындары. Халықты жұмыспен қамту жөніндегі жергілікті атқарушы орган жалақы мөлшерін 20 АЕК-тен кем болмайтындай етіп белгілейді. Жұмыс беруші өз қаражаты есебінен қатысушының жалақысына қосымша жәрдемақы белгілей алады.

— Қоғамдық жұмыс десе, көпшілік «көше сыпырамын, аула немесе саябақ тазалаймын» деп ойлайды. Бірақ басқа жұмыс түрлері де бар. Бізде түрлі жекеменшік компания мен зауыттардан жастарды сұратады. Жалақысы 80 мың теңгеден астам. Егер қызметін жақсы атқарса, жұмыс орны оған үстінен қосымша ақы төлейді. Сондай-ақ бос жұмыс орны болып жатса, тұрақты қызметке қабылдайды. Тағы айта кетейік, 16 жасқа толмаған жастарды жазғы демалысында ата-ана рұқсатымен қоғамдық жұмысқа жібере аламыз. Бұл — жоғары оқу орнының студенттеріне де қатысты, — деді Нұржан Хамитұлы.

«Еңбек» бағдарламасы аясында ашылған жобаның бірі — «Жастар практикасы». Ол жұмыссыздарға, білім беру ұйымдарының түлектеріне өз мамандығы бойынша, соңғы 3 жыл ішінде оқуын аяқтаған және жасы 29-дан аспағандарға арналған. Жастар тәжірибесінің ұзақтығы 12 айдан аспайды. Бұл мерзім жұмыссыздардың еңбек өтіліне есептеледі. Төлем айына 30 АЕК (91 890 теңге), жұмыс беруші өз қаражаты есебінен қатысушының жалақысына қосымша үстемеақы белгілей алады.

— Қазір көбі «мен оқу орнын бітірдім, енді мені жоғары жалақымен жақсы жұмысқа алады» деп ойлайды. Кез келген ортада жас маман жұмысын толық меңгеруге, танылуға біршама уақыт керек. Егер ол бұл процестен сәтімен өтсе, жұмыс беруші тұрақты жұмысқа қабылдайды. Сонымен қатар жалақысы да көтеріледі, — дейді орталық басшысы.

Бүгінгі таңда халықты жұмыспен қамту орталығы есеп және аудит, құқық, экономика және бизнес, ақпараттық жүйелер, іс жүргізу және мұрағат, биотехнология, әлеуметтік жұмысшы мамандықтары бойынша жолдама ұсына алады. Білім және техникалық ғылымдар саласында да бос орындар бар.

Нұржан Сыздықовтың айтуынша, білім беру ұйымдарының түлектері үшін «Алғашқы жұмыс орны» жобасы да қолжетімді. Жұмыс орындары алған мамандығына сәйкес немесе сол салаға байланысты мамандық бойынша құрылады. Жобаға 29 жасқа толмаған жастар, оның ішінде жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастар қатыса алады. «Алғашқы жұмыс» жобасына қатысу мерзімі 18 айдан аспайды және бұл мерзім еңбек өтіліне есептеледі. Жоба аясында жұмысқа орналасқан тұлғалардың ай сайынғы еңбекақысы 30 АЕК-тен кем емес.

” Биылдан бастап іске қосылған «Күміс жас» жобасы арқылы енді елде зейнет жасына жеткен шақта жұмыссыз қалған азаматтар жұмысқа орналаса алады. Жоба бос жұмыс орындарынан тыс жүзеге асады. Сондай-ақ онда қауіпті жəне зиянды салалар болмайды. Жалақының бір бөлігі бюджет қаражаты есебінен субсидияланады.

Бұл жобаға зейнетке шығуына 2 жыл қалған немесе жұмыссыз жүрген азаматтар өтініш бере алады. «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды және қатысу кезеңінде халықты жұмыспен қамту орталығы зейнет жасы алдындағы адамдар жалақысының бір бөлігін бюджет қаражаты есебінен субсидиялайды. Жалақыға берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері жалақы мөлшерінің 50 %-ын құрайды, бірақ экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып, 30 АЕК-тен аспайды. Қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін, жұмыс беруші зейнеткерлік жас алдындағы адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа орналастырады.

— Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елде 450 мың 407 жұмыссыз бар. Оның 83 мыңға жуығы — 45– 54 жас аралығындағы азамат. Ал жасы 55-тен асқан 65 мыңнан астам адам екі қолға бір күрек таппай жүр. Яғни зейнет жасына жақындағандарға жұмыс табу қиын. Енді бұл мәселе көп ұзамай шешімін табатын болды. Осы бастама аясында жыл сайын 5 мың адамды жұмысқа орналастыру көзделген, — деп түйіндеді Нұржан Сыздықов.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»