Жұмыртқа бағасы тұрақты: импортқа бір айлық шектеу енгізілді
Қазақстанда жұмыртқа импортына уақытша шектеу қойылды. ҚР Ауылшаруашылығы министрінің шешімімен сырттан жұмыртқа әкелуге бір ай мерзімге тыйым салынды. Бұл шектеу барлық көлік түрлеріне және барлық елдерге, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге де қатысты.
Ұлттық статистика бюросының 9 желтоқсандағы деректеріне сәйкес, 1-санаттағы 10 дана жұмыртқаның еліміз бойынша орташа бағасы шамамен 560 теңгені құрайды. Баға айырмашылығы өңірлер арасында айтарлықтай байқалады. Ең қымбат баға Петропавловск қаласында тіркелген – 639 теңге. Ал ең төменгі баға Қарағандыда – 498 теңге.
Баға көрсеткіші Алматыда – 611 теңге, Жезқазғанда – 614 теңге, Астанада – 587 теңге, Көкшетауда – 547 теңге, Семейде – 532 теңге деңгейінде қалыптасты.
Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар айында ел бойынша 1-санаттағы 10 жұмыртқаның орташа бағасы 550 теңге болған. Жыл барысында баға құбылып, кей кезеңдерде 530 теңгеге дейін төмендеген.
Ауылшаруашылығы министрлігі енгізген уақытша шектеу отандық өндірушілерді қолдау мақсатында қабылданған. Сонымен қатар, жұмыртқа транзитіне шектеу қойылмайды. Яғни, Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауға рұқсат етіледі, бұл жеткізу тізбектерінің үзілуіне жол бермейді.
Мамандардың айтуынша, қабылданған шара ішкі нарықтағы бағаның тұрақтылығын сақтауға және жергілікті өнім үлесін арттыруға бағытталған.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

