Жұмекен Нәжімеденовке арналған әдеби кеш

Ақын әрі композитор Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдық мерейтойына орай Қарағандыда арнайы еске алу кеші ұйымдастырылды. Шара барысында қатысушылар қазақ поэзиясының көрнекті өкілінің өмір жолы, шығармашылық мұрасы және оның әдебиет пен музыкаға қосқан баға жетпес үлесі туралы тың деректермен танысты.

Кешке колледж студенттері, кітапхана оқырмандары және жас ақындар қатысты. Шара барысында Жұмекен Нәжімеденовке арналған бейнематериалдар көрсетіліп, көрермендерге ақын шығармаларының кітап көрмесі ұсынылды.

– Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығы мен поэзиясын таныстырып, өмірі туралы ақпарат беру арқылы оны дәріптеу, – деді шараны ұйымдастырушы Айсана Алмасова.

Кешке келген қонақтар ақынның поэтикалық әлемі туралы ойларын бөлісті. Өнер колледжінің студенттері орындаған музыкалық нөмірлер поэзия мен музыка арасындағы табиғи үйлесімді айқын көрсетті, – дейді көрермен.

– Мен үшін Жұмекен ақынның орны ерекше. Өлең жазуға кіріскенде оның шығармашылығы шабыт берді. Оның өлеңдерін көп оқыдым және ерекше суреттеулері, өзіндік стилі бар ақын ретінде аса құрметтеймін. Біз ақынды ұмытпауымыз қажет, – дейді ақын Гүлсара Шалқар.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, рухани мазмұны бай бұл шара қатысушыларға ақын жырларының мәні мен құндылығын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»