Жұмабек Тәшенев атындағы облыстық байқау жеңімпаздары анықталды
Белгілі қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің есімімен аталатын облыстық байқаудың қорытындысы шығарылды. Бұл байқау өңірдің әлеуметтік және мәдени дамуына айрықша үлес қосып жүрген азаматтарды қолдауға бағытталған. Қорытынды шара барысында қоғам өміріне белсене араласып, мәдениет пен руханият саласында елеулі еңбек еткен бірқатар азамат марапатқа ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау өңірдегі белсенді тұлғалардың еңбегін бағалап, олардың бастамаларын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.
Достық үйінде ұйымдастырылған шара Жұмабек Тәшеневтің тағылымды өмір жолын баяндайтын бейнероликпен ашылды. Басқосуға ақын-жазушылар, мемлекеттік мекемелердің жетекшілері және қоғам қайраткерлері жиналды. Олар Жұмабек Тәшеневтің адал болмысы, елге деген жанашырлығы мен мемлекетшіл көзқарасы арқылы халық жадында мәңгі қалған тұлға екенін атап өтті.
– Бір жыл бойғы үздіктерді саралайтын бұл беделді шараның Арқа өңірінде тұрақты өтіп келе жатқанына он бес жылға жуық уақыт болды. Дәстүрден айнымай, жыл сайын мазмұны байып, жаңаша сипат алуына айтыскер ақын Айтбай Жұмағұловтың еңбегі зор. Барша қатысушыларды бүгінгі марапаттарымен шын жүректен құттықтаймын, – деді Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.
Жұмабек Тәшенев атындағы байқау 10 аталым бойынша өтті. Байқауда ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, «жылдың үздік қаламгері», «жылдың үздік тілшісі», «жылдың үздік блогері» секілді аталымдар табысталды. Жүзден жүйрік шыққандардың бірі – кәсіпкер Айдос Ақшоңтаев. Ол Қарқаралы ауданының Еңбек ауылының тұрғыны. Қайырымдылық істерден қалыс қалмайтын азамат биыл көршілес Қарағаш ауылының тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз етті.
– Бүгінгі байқауда жеңімпаз атанып, ерекше қуанышқа бөленіп отырмын. Халыққа үлкен алғысымды білдіремін. Біз Қарқаралы ауданына қарасты Қарағаш ауылына ауызсу жүйесін тарттық. Бұл жұмысқа шамамен бір жыл уақыт жұмсалып, жобаға 180 миллион теңге қаражат бағытталды, – дейді Жұмабек Тәшенев атындағы байқаудың жүлдегері Айдос Ақшоңтаев.
«Тәшенев» байқауы биыл 15-ші рет қатарынан өткізілді. Айта кетейік, әдеби-рухани кештің қорытындысы концерттік бағдарламамен түйінделді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

