Жұлдызды жұп
Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Жұлдызды жұп» атты қалалық фестиваль жоғары деңгейде өтті. Мәдени шараға Қарағанды қаласындағы мектеп оқушыларымен қатар, аудандық және ауылдық елді мекендерден келген өнерпаздар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Фестивальдің негізгі міндеті – ұстаз бен оқушы арасындағы шығармашылық байланысты күшейтіп, өнер арқылы тәлім-тәрбие беру құндылықтарын насихаттау. Шара барысында шәкірт пен жетекші бір сахнада өнер көрсетіп, бірлескен шығармашылық еңбектің үлгісін таныстырады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл бастама білім беру мекемелері арасындағы өзара әріптестікті нығайтып, жас буынның өнерге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
– Бұл концерттің басты мақсаты – ұстаздардың атқарып жүрген еңбегі мен шығармашылық жұмысын сахна арқылы көрсету. Шараны ата-аналармен қатар қала тұрғындары мен Қарағандыға келген қонақтар тамашалап, ұстаздар мен шәкірттердің өңір дамуына қосып жүрген үлесін көре алады. Бағдарлама аясында бір нөмірде бір ұстазбен бірге тоғыз шәкіртке дейін қатысатын қойылымдар бар, сондай-ақ дуэт, трио түрінде өнер көрсетіп жатқан шығармашылық ұжымдар да кездеседі. Жалпы бүгінгі концертте 19 нөмір көрермен назарына ұсынылады, –деді Жаңа Майқұдық мәдениет үйі директорының орынбасары Амангелді Ахметжанов.
Фестивальге бұған дейін әртүрлі шығармашылық байқауда жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көрінген өнерпаздар қатысты. Ұстаздар мен шәкірттер сахнада тағылымы мол, мазмұны бай шығармашылық жұмыстарын ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл мәдени шара биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жаңа форматтағы фестиваль алдағы жылдары дәстүрлі түрде өткізіліп, аясын кеңейте түсу жоспарлануда.
– Ән байқауына қатысып отырғаныма қуаныштымын. Вокал – бала кезден бергі сүйікті ісім, осы бағытта үздіксіз айналысып келемін. Байқау барысында өз мектебімнің вокал пәні мұғалімі Бақытжанмен бірге «Сарыжайлау» әнін көрермен назарына ұсынатын боламын, – дейді шараға қатысушы Аруана Домбай.
Фестиваль бай мазмұнды бағдарламасымен көзге түсті және қатысушыларға тәжірибе бөлісуге қолайлы жағдай жасады. Ұстаз бен шәкірттің бір сахнада бірге өнер көрсетуі көрермендердің жылы қабылдауына ие болып, шараның мәнін айқын көрсетті.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

