Жүлдемен оралды

Өзбекстанда шынайы жекпе-жек түрлерінен Әлем чемпионаты өтті. Оған 20-ға жуық мемлекеттен 500-ден астам спортшы қатысты. Қарағанды облысынан барған 12 спортшының 12-сі де жүлдеге ілігіп, тең жартысы Әлем чемпионы атанды.

Шын мықтыға тұсау жоқ. Күні кеше ғана көршілес Өзбекстан мемлекетінде өткен Әлем чемпионаты жерлестеріміз үшін өте сәтті өтті. Қарағандыдан барған спортшыларымыз қоржынымызды 6 бірдей алтын медальмен толықтырды. Атап айтатын болсақ. Нұрасыл Малгаздаров, Рүстем Абильдин, Ерасыл Сағынтай, Заңғар Орынбай, Жасұлан Жанболат және Уалихан Мақұлбаев жеңіс тұғырынан көрінді.

– Үш жекпе-жек өткіздім, финалға дейін. Финалда өз бауырым Заңғармен кездестім. Бірге дайындалып, бірге салмақ тастаған досым. Финалда келісіп, маған інілік жолын берді. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Көп мемлекеттің мықтылары келді, бірінші Әзірбайжан спортшысымен кездестім. Өзбек пен орысты жеңдім, финалда екі қазақ кездескенімізге қуандық, – дейді спортшы Нұрасыл Малгаздаров.

Жарысқа Қазақстан құрамасының атынан 1-ші және 2-ші нөмірлі спортшылар бақ сынасты. Медальдар жекпе-жектің екі түрі бойынша сарапқа салынды. Жүлдегерлер команда жаттықтырушысы Нұрсейіт Құдайбергеновке өз алғыстарын білдіруде. Ол жақында ғана ең жас «ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атанды. Айтуынша, шәкірттері тыңғылықты дайындық, жаттығу залында төккен тер мен рухани күш-жігердің арқасында осындай жетістіктерге жетуде.

– Қарағанды қаласынан он екі бала қатысып, он екімізде жеңіспен оралдық. Оның ішінде алты бала алтын алды, сайыста жігіттер оқ бойы озық шықты. Қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңді. Финалда кездесіп қалған бауырлар, бір-біріне қол көтермей, жолын беріп, еліміздің жақсы дәстүрін көрсете алды, – деп атап өтті  ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрсейіт Құдайбергенов.

Айта кететін жайт, біздің 6 спортшымыз финалда бір-бірімен жолығып қалған және әлем халқының алдында өз бауырмалдықтарын көрсетіп бір-біріне жол беру арқылы жеңімпазды анықтады. Рухты батырлармыздың даңқты жеңістері көп болғай!

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                     

«QH»