Жүгіру қартаюдан сақтайды
Жүгіруге деген құлшыныс және қабілет әр адамға табиғат арқылы берілген. Жүгіру денсаулық пен өмірді сақтау үшін эволюциямен қамтамасыз етілген негізгі механизмдердің бірі саналады. Ежелгі адамдардың өзі тұрақты жүгірудің көптеген пайдалы әсер беретінін жақсы білген. Бұл спорттың ағзаға әсерін қалай арттыруға болады және жүгіру маусымы басталғанда жүгірудің пайдасы қандай, біліп көрдік.
Жүгіру – бұлшық ет пен байланыстырушы жүйенің барлық бөлігі жұмыс істейтін қарапайым және тиімді дене жаттығуы. Сонымен қатар жүгіру кезінде буындар да пайдалы жүктеме алады. Жүгіру қан айналымын арттырып, барлық мүше мен тіндерді оттегімен қамтамасыз етеді. Ол тамырлық жүйені жаттықтырып, тіпті көптеген жүрек ауруының алдын алады. Сүйікті қаламызда осы жүгіру спортымен айналысатын жандар жетерлік және арнайы топ болып та жүгіреді. Осындай спортшылардың бірі – Азамат Надралиев. Ол жүгіру және триатлон спортымен кәсіби түрде 5 жыл қатарынан айналысып келеді. Көктем айында дайындалып, жаз мезгілінде жүгіруді бастап кеткісі келетін немесе бастаған жандар үшін кеңесін бөлісті.
– Спорт мені бала кезден қызықтырды. Отыздан асқан адамға спорттың пайдасы мол. Жүгіремін деген адам дұрыс бапкер таңдауы керек. Былтыр Финляндия мемлекетінің Лахти қаласында триатлон спортынан Әлем чемпионатына қатыстым. Спортшы бірінші кезекте киіміне мән бергені жөн. Жүгірген кезде аяқкиім таңдайсыз, жоғарғы жылдамдықты жақсы көретіндер карбондық пластинадан жасалған аяқкиім алады. Мұндай аяқкиім табаны жерге тигенде амортизация беріп, содан жүгіру жылдамдығы күшейеді. Жеміс-жидекті тұрақты түрде тұтынып, көңілді жүрсеңіз, ұйқыңыз қанық болса, өмір жасыңыз ұзақ болады, – дейді Азамат Надралиев.
Жүгіру спортында жүрген жандар сырт киімінен бөлек аяқкиіміне де ерекше мән беруі керек. Ыңғайлы аяқкиім – жайлы әрі ешқандай жарақатсыз жүгіруге септігін тигізеді. Сондай-ақ жүгірумен айналысатын спортшы тек жаттығу жасап қана қоймай, тамақтануына да аса мән беруі керек. Себебі дұрыс тамақтану спртшының көрсеткіштерін көтеріп, үлкен жетістіктерге жетуіне ықпал етеді. Азамат Надралиевтің пікірінше, жүгіруді бастамас бұрын дәрігермен міндетті түрде кеңесіп, әрі қарай бапкермен жаттығу жасау керек. Бұл әсіресе кез келген созылмалы аурулардан зардап шегетін адамдар үшін өте маңызды. Себебі кей науқасқа жүгіруге болмайды. Ол – жұқпалы аурулардың өткір түрі, тірек-қимыл аппаратының аурулары немесе жарақаты, қантамырлардың және жүректің зақымдануы секілді аурулар. Ал негізінен салауатты өмір салтын ұстану адам өмірін шуақты етіп, жаңа леп сыйлайды.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»