ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҰМЫЛСАҚ, АЛЫНБАЙТЫН АСУ ЖОҚ
Президент Жолдауында ел өмірін жақсартуға бағытталған шараларға ерекше назар аударды. Және бұл баршамыздың ортақ міндетіміз екенін атап өтті. Жетістікке жету де оңай емес екенін тоқталды. Ұлттық мұратқа жұдырықтай жұмылсақ қана қол жеткізетініміз туралы айтты Мемлекет басшысы.
“Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан, барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек”, – деді Президент.
Кейінгі жылдары елде ауқымды өзгерістер қолға алынды. елдің саяси жүйесі өзгеріп, ашық сипатқа ие болып отыр. Бұл әрине отандастарымыздың сана-сезімінің, болмысының өзгеруіне ықпал етіп отыр. Соның арқасында елдің мемлекеттік институттарға, заңға және әділдік пен тәртіпке деген сенімі артып келеді. Президент мұны өз сөзінде айта келе әлі де атқарылатын жұмыс көп екенін мәлімдеді.
“Бірақ алдымызда ауқымды жұмыс бар. Қоғамды жаңғырту үшін әлі де көп шаруа атқаруымыз керек. Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық”, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Осы орайда Президент елді цифрландыруға айрықша мән берді. Мемлекет басшысының пікірін қуана қабылдадым. Өйткені сәт санап дамып келе жатқан әлемдік көштен қалмау үшін біз де тиісті жұмыстарды кешіктірмей қолға алуымыз керегі белгілі. Осы тұрғыдан келгенде ұстаздар қауымы ертеңгі ел тірегі – жас ұрпақты заманауи білім талабына сай оқыта бермек.
Нұрбол ИМАНҒАЗЫҰЛЫ, педагогика ғылымдарының докторы.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.