Өзгерістер енгізіледі

Қазақстанда жұмысшы мамандардың жетіспеушілігі өзекті тақырыптың бірі. Соған байланысты, келесі жылды Президент жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Колледждерде қандай өзгерістер енгізіледі және бұл аталмыш мамандық иелерінің беделін арттыруға көмектесе ме?

Бүгінгі таңда кадр тапшылығы медицин, жылу энергетикасы, су шаруашылығ, тау-кен өнеркәсібі, ауыр машина жасау саласы, ауыл, орман және балық шаруашылығы, тіпті авиация саласында да байқалады. Құрылысшылар, тігіншілер, аспаздар, дәнекерлеушілер, тас қалаушылар, сантехниктер, автокөлік жөндеушілері, автобус жүргізушілері жетіспейді. Жалақылары 500-600 мыңға дейін жетеді, бірақ бос жұмыс орындарына қарағанда, жұмыс істеуге ниеттілер саны аз. Жастардың көбі онлайн жұмыс істегісі келеді.

– Егер колледж түлектерінің қандай мамандықтар көбірек сұранысқа ие екенін айтатын болсақ, ең алдымен медициналық білім беру екенін атап өткім келеді. Ауруханаларда медбикелер, фельдшерлер, медициналық өкілдер жетіспейді. Жалпы, біздің фармацевтика нарығы дамыған және үнемі қызметкерлерге мұқтаж. Вакансиялар бойынша дәрігерлерге де, медбикелерге де қажет, бұл бүкіл әлемде байқалады. Тіпті пандемиядан кейін АҚШ пен Еуропа медициналық қызметкерлерге жеңілдік визаларын беруді бастағанын еске түсіріңіз, – дейді FMI рекрутинг агенттігінің директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Алма Жандәулетова.

Сондықтан келесі жылы кәсіптік-техникалық білім беру саласында өзгерістер күтілуде. Мысалы, колледждерді қайта бейімдеу, көшбасшы колледждерді құру, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін енгізу жоспарлануда. Бүгінде елімізде 772 колледж бар, онда 565 мың студент білім алуда. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 34 мыңға өсті. Мемлекеттік тапсырыс аясында 143 мыңнан астам орын бөлінді. 9 сыныптан кейін колледжге түскен студенттер толығымен тегін білім алады, бұл көрсеткіш қазіргі уақытта 90%. Қоғам қайраткері Аида Бұқбаеваның пікірінше, колледжге көбіне 10 сыныпқа қабылданбағандар барады. Кеңес Одағында педагогикалық және медициналық училищелерге түсу жоғары оқу орындарына түсуге қарағанда қиынырақ болатын. Колледждерде реформалар жүргізбестен бұрын жатақхана мәселесін шешу қажет, деп санайды ол. Көптеген колледжде өндірістік шеберханалар жетіспейді, мұғалімдермен де қиындықтар бар.

– Бұрын колледждерге тиесілі ғимараттарды қайтарып алу қажет деп есептеймін. Бүгінгі таңда көптеген колледж тек оқу корпустарынан тұрады. Мүлдем шеберханалар жоқ, кейбір колледжде іс-тәжірибе тек қағаз жүзінде өтеді, – дейді «Қамқор ана» қиын жағдайдағы адамдарға арналған орталықтың басшысы Аида Бұқбаева.

Қарағанды тағам және қызмет көрсету колледжінің директоры Құралай Әбенованың пікірінше, жағдай барлық жерде нашар емес. Көптеген колледжде қазіргі заманға сай жабдықтар мен шеберханалар бар. Егер мемлекеттік тапсырыс нақты кәсіпорындарға бағытталған болса, студенттер тәжірибе жинақтап, содан кейін сол жерде жұмысқа орналаса алады. Дегенмен, бұл тек 140 мың түлектің 10 мыңына ғана қатысты.

– Колледждер аймақтық қажеттіліктерге қарай бейімделетін болады. 100 колледж технологиялық көшбасшыларға айналып, халықаралық білім стандарттарын енгізеді деп күтілуде. Үкімет түлектер ел ішінде де, шетелде де сұранысқа ие болады деп үміттенеді, – дейді Құралай Әбенова.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                     

«QH»