Өзекті мәселелер
Балалардың улануы, мемлекеттік қызметкерлерге берілетін сыйақылар, прагматизм принципі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығы қызметкерлерінің алғашқы форумында сөз сөйлеп, өзекті мәселелерді атап өтті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы беруге тыйым салу мүмкіндігі жөніндегі өз ұстанымын білдірді. Бұл туралы Президент: «Бұл мәселе бойынша Қаржы министрлігі түсініктеме берді – мұндай тыйым салуға негіз жоқ. Мемлекеттік қызметкерлер – еліміздегі жүйелі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші», – дейді. Сонымен қатар мемлекеттен берілетін атаулы көмек туралы сөз қозғады.
– Үкімет азаматтарға әлеуметтік көмек беру жүйесін қайта қарау керек. Осыған сәйкес тиісті тапсырмалар да берілді. Мемлекеттен берілетін атаулы әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтар алуға тиіс. Алайда кейбір ауылдық жерде бір отбасыдан бірнеше адам атаулы әлеуметтік көмекті алатыны жиі кездеседі. Өкінішке орай, ондай азаматтарымыз жұмыс істеп, еңбек етуге де құлықсыз. Себебі, мемлекеттен түсетін жәрдемге сеніп алған. Бұл әрине дұрыс емес. Түптеп келгенде мұндай әрекет, әлеуметтік масылдықты тудырып отыр. Біз әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасап жатырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент форум барысында ауылшаруашылығындағы жетістіктерді атап өтті. Себебі, мемлекетіміз егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде 6 орын алған болатын. Оған қоса Қазақстан бидай экспорттайтын топ 10 елдің, ал ұн өнімін экпорттайтын ең мықты мемлекеттер қатарына кіреді.
– Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терінде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды. Бұл соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Шын мәнінде диқандарымыз тамаша нәтижеге қол жеткізіп отыр. Құттықтаймын және баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деп атап өтті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мектептегі балаларды тамақтандыру мәселесіне тоқталды. Оған себеп Маңғыстау облысындағы балалардың жаппай улануынан туындаған резонанс. Мұндай жағдайларды қайталауға жол бермеуіміз керек, дейді Президент. Сол себепті де агроөнеркісіп білім беру жүйесімен келісе отыра сапалы әрі нәрлі өнімдер ұсынылу керек деген талап қойылды.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»