«Үздік тарихшы – 2025» облыстық байқауы

Қарағанды облысында «Үздік тарихшы – 2025» облыстық байқауының жеңімпазы анықталды. Мамандандырылған «Дарын» мектеп-лицей-интернатының тарих пәні мұғалімі Әділ Тобылов 2025 жылдың үздік тарихшысы атанды. Байқау қорытындылары «Тарих толқынында» атты тарихи сауаттылық апталығы аясында жарияланды.

Кәсіби байқауға Қарағанды облысының 15 тарих пәні мұғалімі қатысып, іріктеу кезеңдерінің нәтижесінде алты үздік педагог ақтық сынға жолдама алды.

Байқауды Қарағанды облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.

Шешуші кезеңде қатысушылар өздерінің кәсіби таныстырылымдарын ұсынып, «Тарихи тұлғалар» тақырыбында театрландырылған қойылым көрсетті. Сонымен қатар, тарихты оқытуда жасанды интеллектті қолдану бағытында TEDx форматындағы презентациялар жасалды. Сахнада Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Жұмабек Тәшенов сынды көрнекті тарихи тұлғалардың бейнелері сомдалды.

Байқау жеңімпазы Әділ Тобыловтың айтуынша, ол ұстаздық мамандықты саналы түрде таңдаған.

– Мен оқушыларға тарихи оқиғаларды терең түсінуді, олардың себеп-салдарын талдауды және өз ой қорытындыларын жасауды үйреткім келеді. Тарих өткеннің қателіктерін қайталамауға көмектеседі, дүниетанымды қалыптастырып, мәдениет пен дәстүрге құрмет сезімін арттырады. Бұл байқаудағы жеңіс мен үшін дұрыс бағытта келе жатқанымның дәлелі әрі алдағы уақытта кәсіби тұрғыда дамуға үлкен ынталандыру, – деді педагог.

Тарих пәні мұғалімі үшін байқаудағы ең күрделі тапсырмалардың бірі Шоқан Уәлихановтың бейнесін сомдауға арналған театрландырылған қойылым болды.

Оның айтуынша, бұл тарихи тұлғаны ол өз халқына және ғылымға адал қызмет еткен, білімді әрі мақсатшыл азаматтың жарқын үлгісі ретінде таңдаған.

Байқау қорытындысы бойынша екінші орынды Қарқаралы ауданы №20 мектептің мұғалімі Қуаныш Асқар мен Шет ауданы Ш.Батталова атындағы тірек мектептің ұстазы Перизат Мақсұт өзара бөлісті. Ал үшінші орынға Қарағанды қаласындағы №27 мектептің мұғалімі Жақсылық Ысқақов, Ақтоғай ауданы Шашубай тірек мектебінің ұстазы Керім Есімханов және Бұқар жырау ауданы Ж.Аймауытов атындағы мектептің мұғалімі Мұрахан Сейітхан ие болды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»