Үздік әлеуметтік қызметкерлер марапатталды
Қарағанды облысында әлеуметтік сала үздіктері анықталып, облыс әкімінің сыйлығы он аталым бойынша табысталды. Салтанатты жиында халыққа қызмет етуде еңбек сіңірген әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі лайықты бағаланды.
Жұмакелді Жетпісбай «Еңбек мобильділігі орталығы мен оның филиалының үздік қызметкері» аталымында жеңімпаз атанды. Ол Абай аудандағы жұмыспен қамту орталығында 7 жыл бойы адал әрі абыройлы еңбек етіп келеді.
– Бүгін басшымыз Сыздықов Нұржан Хамитовичқа үлкен алғысымды білдіремін. Менің еңбегімді бағалап, осындай мүмкіндік бергені үшін сөзбен айтып жеткізу қиын. Өте қуанышты сезімдемін, өзім де мұндай жетістікке жетемін деп ойламаған едім, – дейді «Еңбек мобильділігі орталығының үздік қызметкері» аталымының иегері Жұмакелді Жетпісбай.
Биыл облыс бойынша 10 аталым бойынша үздік қызметкерлер анықталды. Марапатқа Приозерск, Қарқаралы, Балқаш және Теміртау қалаларынан келген әлеуметтік сала мамандары да ие болды. Шахтинск қаласының тұрғыны Айнұр Бәкел «Рухы биік тұлға» аталымымен марапатталды. Ол екінші топтағы мүгедек болғанымен, белсенді өмір салтын ұстанып, үстел теннисі бойынша үйірме ашып, жастарды спортқа баулып келеді.
– Осындай марапатқа үміткер болып қатысып, жүлдегер атанғаныма өте қуаныштымын. Алдағы уақытта да осындай еңбегімізді жалғастырамыз. Жұмысымыз жемісті болсын. Алғысым шексіз, – дейді «Рухы биік тұлға» аталымының иегері Айнұр Бәкел.
Қазір облыста әлеуметтік қызметкерлер 7 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетіп отыр. Барлық аудандарда «Инватакси» қызметі жұмыс істейді. Жыл соңына дейін 125 орындық жаңа орталық ашылып, ерекше балаларға қолдау көрсетілетін болады.
– Сіздердің жауапкершіліктеріңіз, мейірімділіктеріңіз және кәсіби шеберліктеріңіз арқасында мыңдаған адамдар тек көмек алып қана қоймай, өмірге деген сенімдерін де қайта табуда. Әлеуметтік қорғау саласы – бұл нағыз жүрек пен жан еңбегі, – деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков.
Қазақстанда Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні әр жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»

