Заманына қарай — сабағы

Осы оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап мектеп бағдарламасына «Цифрлық сауаттылық» атты жаңа пән енгізіледі.

«Елімізде бірінші сыныптан бастап оқушыларды цифрлық сауаттылыққа оқытатын болады. Жаңа пән алғаш рет мектептерде 2022 жылдың қаңтар айынан бастап енгізіледі» деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігі.

Үшінші тоқсанда оқу бағдарламасына алғаш рет «Цифрлық сауаттылық» пәні енгізіледі. Бұған дейін оқушылар үшінші сыныптан бастап «Ақпараттықкоммуникациялық технологиялар» пәнін оқыған болатын.

— Оқу бағдарламасы сұраныс пен уақыт талаптарына сай болуы тиіс. Бүгінгі таңда цифрлық әлемнің қарқынды дамып жатқанын көріп отырмыз. Қазір смартфондар мен компьютерлерді мектепке дейінгі кіші жастағы балалар да пайдалануда. Цифрлық сауаттылық – оқу мен жазу сияқты негізгі дағдылардың біріне айналып келеді. Сондықтан, балаларды цифрлық сауаттылық және ақпараттық қауіпсіздік негіздеріне, мүмкіндігінше, ертерек үйрету – маңызды. Әлбетте, жаңа пәнді оқыту барысында балалардың жас ерекшеліктері де ескерілетін болады, – деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

Сонымен қатар, 4-сыныпқа арналған «Ақпараттықкоммуникациялық технологиялар» және 5-11 сыныптарға арналған «Информатика» пәндері бойынша оқу бағдарламалары қайта қаралды. Жаңашылдықтар балалардың ақпараттық технологиялар саласында сапалы білім алуына бағытталған.

Мектеп бағдарламасы шеңберінде ең танымал Python бағдарламалау тілі оқытылады. Сондайақ, 5-9 сынып оқушылары 3D-модельдеу мен 3D-принтинг бойынша білім алады.

10-11-сыныптардағы «Информатика» пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасы IT-саласының заманауи даму үрдістерін ескере отырып әзірленген. Оқыту бағдарламасында ITSTARTUP, виртуалды және толықтырылған шынайылық, жасанды интеллект, мобильді қосымшаларды әзірлеу, BigData және тағы басқа тақырыптар бар. Оған қоса, барлық сыныптың оқу бағдарламаларына ғаламтор желісіндегі қауіпсіздік ережелері, авторлық құқық туралы тақырыптар енгізілген.