Заманауи білім кеңістігі: Қарағанды облысы мектептері жаңғыртылуда

Қарағанды өңірінде білім беру саласының материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңарып келеді. Биылдың өзінде 142 мектеп кабинеті заманауи оқу құралдарымен жабдықталды. Бұл – оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау және мектептерді жаңа форматтағы оқыту жүйесіне бейімдеу бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі.

Бүгінде Қарағанды облысында 402 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Онда 171 мыңнан астам оқушы білім алады. Халық санының өсуі мен жаңа ықшамаудандардың пайда болуына байланысты жаңа білім беру нысандарына деген сұраныс артып отыр.

Облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаевтың айтуынша, жаңа оқу жылы қарсаңында үш мектеп пайдалануға берілген.

«Оның екеуі «Келешек мектеп» жобасы аясында салынды. Ал Қарқаралы ауданының Талды ауылында апатты жағдайдағы мектептің орнына 200 орындық жаңа білім ошағы бой көтерді. Қараша айында осы жоба бойынша тағы бір мектеп ашылмақ. Сонымен қатар «Келешек мектеп» бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан бес мектеп кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде», – деді ол.

Жазғы демалыс кезінде өңірдегі 265 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 29 мектепте реновация бағдарламасы аясында кең көлемді жаңғырту іске асқан. Алдағы үш жылда тағы 68 мектепте осындай ауқымды жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Ауылдық жерлердегі мектептер де назардан тыс қалған жоқ.

Бұдан бөлек, облыста STEM-білім беруді енгізу жобасы қарқын алып келеді. Бұл жоба 2025 жылдың желтоқсанына дейін жалғасады.

«Жоба аясында барлық қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз ету, мұғалімдерді оқыту, 26 жаңа үйірме ашу және 43 үйірменің жұмысын жаңарту жоспарланған. Нәтижесінде 7 мыңнан астам бала заманауи бағыттар бойынша білім алуға мүмкіндік алады», – деді Дулат Жекебаев.

Кәсіби бағдар беру саласында да жаңа бастамалар қолға алынуда. Биыл «ProfiWay» атты цифрлық платформа іске қосылмақ. Бұл жүйе оқушыларға өз болашақ мамандығын анықтауға көмектеседі.

Сонымен қатар облыс мектептерінде «Білім берудегі шахмат» және «Жасыл мектеп» жобалары сәтті жүзеге асуда.

«Шахмат жобасы алғашында небәрі бес мектепте бастау алған еді. Қазір оның ауқымы кеңейіп, 69 мектепті қамтып отыр. Ал «Жасыл мектеп» жобасы үш білім ордасында іске қосылды. Оның мақсаты – оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру», – деді басқарма басшысы.

Мектеп аулаларында эко-аймақтар көбейіп, жасыл сыныптар ашылуда. Бұл – тек экологиялық тәрбиені ғана емес, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға да ықпал ететін бастама.

Қорыта айтқанда, Қарағанды облысының білім беру жүйесі заман талабына сай жаңарып, оқушылар үшін сапалы әрі заманауи оқу ортасын қалыптастыруда.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»