«Заң мен тәртіп»: Қарағанды облысында депутаттар, прокурорлар және полицейлер бірлескен рейдке шықты
Қарағандыда жүзден астам отбасыға бару, ондаған профилактикалық әңгіме жүргізу арқылы ведомствоаралық рейд өтті. Құқықбұзушылықтардың алдын алу және қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету мақсатында полицейлер, депутаттар, әкімдік өкілдері мен жастар белсенділері күш біріктірді.

Негізгі назар құқықбұзушылықтардың алдын алуға, есепте тұрған тұрғындарды тексеруге және әлеуметтік осал отбасылардың тұрмыс жағдайын бағалауға аударылды.
Рейд «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Іс-шара алдында департамент плацында жалпы сапқа тұрғызу өтті. Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров міндеттерді айқындап, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

— Биыл заңнамаға профилактикалық жұмысты күшейтуге бағытталған өзгерістер енгізілді. Қылмыстың алдын алу — тек полицияның ғана емес, барлық мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының міндеті. Бүгінгі рейд — осындай бірлескен жұмыстың айқын үлгісі. Алдағы уақытта бұл тәжірибе жалғасын табады, — деді ол.
Ведомствоаралық рейдке қатысушылар 20 топқа бөлініп, Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан атындағы аудандарға бағыт алды. Қатысушылар есепте тұрған отбасыларға барып, әлеуметтік осал санаттағы тұрғындармен кездесті, тұрмыстық және құқықтық мәселелерді талқылады. Қажет болған жағдайда заң нормаларын түсіндіріп, бейінді қызметтерді тартты. Барлығы жүзден астам мекенжай тексерілді.

Әлихан Бөкейхан ауданындағы рейдтердің бірі жедел сигнал бойынша ұйымдастырылды: кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырған әйел туралы хабар түскен. Рейдтік топ оқиға орнына полицейлермен бірге барды. Ананың жеке басы анықталып, онымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, ескерту жасалды. Рейдке қатысушылардың бірі — қалалық мәслихат депутаты Равиль Садыков — аталған отбасын патронажға алатынын және балаларды мектепке дейінгі мекемеге орналастыру мәселесін шешуге жәрдемдесуге дайын екенін мәлімдеді.
Мұндай формат алдағы уақытта да қолданылмақ. Себебі ол ведомстволар мен тұрғындар арасында тікелей байланыс орнатуға, мәселелерге жедел әрекет етуге және қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1159911?lang=kk
