Заңгер көмегі тегін көрсетіледі
Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының 26-бабына сәйкес, мемлекет кепілдік берген заң көмегін құқықтық ақпарат беру түрінде тегін алуға жеке және заңды тұлғалардың барлығының құқығы бар.
Құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:
1) алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға;
2) мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалды зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауға ұшыраған құрбандарға;
3) асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;
4) жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқықбұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;
5) Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлер, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғаларға;
6) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға;
7) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, елордада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға) осы заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.
Соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:
1) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға не жауапкерге және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;
3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге осы заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.
Қарағанды облысы Әділет департаментінің анықтама телефондары: 420062, 420525, 412078; Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының телефондары: 415894, 416336.
Қарағанды облысының Әділет департаменті