Қызылшаның өршуі

2026 жылдың басынан бері облыс аумағында қызылша ауруының 130 жағдайы анықталды. Денсаулық сақтау мамандарының мәліметінше, барлық науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетіліп, эпидемияға қарсы шаралар уақытылы жүргізілуде. Жалпы өңірдегі жұқпалы және паразиттік аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал «қанағаттанарлық» деңгейде бағаланып отыр. Сала мамандары инфекциялардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, тұрғындарды екпе алу мен санитарлық талаптарды сақтауға шақырады. Мамандардың айтуынша, тұрақты мониторинг пен кешенді шаралардың нәтижесінде жағдай бақылауда тұр.

2025 жылы өңірде қызылша дертіне шалдыққан 108 жағдай тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 130-ға жеткен. Яғни, аурушаңдық деңгейі өсіп отыр. Мамандардың айтуынша, алдын алу және эпидемияға қарсы жүргізіліп жатқан іс-шараларға қарамастан, қызылшаның таралуы әлі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Сондықтан екпе жұмыстары мен түсіндіру шараларын күшейту қажеттігі туындауда.

– Қызылша жұқтырғандардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар, олардың үлесі 88 пайызды құрап отыр. Ауру облыстың барлық аумағында дерлік тіркелген. Жалпы сырқаттанушылардың 80 пайызы, яғни 104 адам осы індетке шалдыққаны расталды. Өкінішке қарай, науқастардың арасында екпе алмаған балалар саны көп. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайдың негізгі себептерінің бірі – ата-аналардың вакцинацияға қарсылық танытуы, – деді Қарағанды облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин.

Қызылша – жедел вирустық жұқпалы ауру. Ол жоғары дене қызуымен, тыныс жолдарының қабынуымен, ауыз қуысы шырышты қабатының зақымдануымен, көздің қызарып-қабынуымен және денеде бөртпенің пайда болуымен сипатталады. Аурудың жұқпалылығы өте жоғары. Вирус ауа-тамшы жолы арқылы тез тарайтындықтан, қызылшамен ауырған адаммен байланыста болған, бұрын екпе алмаған немесе бұл дертпен ауырмаған адамдардың жұқтырып алу қаупі басым. Әсіресе қызылша балаларға, жүкті әйелдерге және иммунитеті әлсіреген адамдарға аса қауіпті, себебі асқынуларға әкелуі мүмкін.

– Қызылшадан қорғанудың ең тиімді әрі сенімді жолы – вакцинопрофилактика. Вакцина тек жеке адамды ғана емес, тұтас қоғамды қорғауға мүмкіндік береді, инфекцияның таралуы мен өршуіне тосқауыл қойып, аурудың ауыр асқынуларының алдын алады. Қалыптасқан қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізу жалғастырылмақ, – дейді Қарағанды облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин.

Қарағанды облысында аса қауіпті инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағалануда. Дегенмен, бруцеллез дертіне қатысты көрсеткіштер алаңдатарлық. 2024 жылмен салыстырғанда аурудың тіркелуі екі есеге артқан. Мамандар бұл бағытта бақылау мен алдын алу шараларын күшейту қажет екенін атап отыр.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»