ҚЫЗЫЛ СУ БАСУЫ МҮМКІН

Биыл Қарағанды облысында 174 елді мекенді су басу қаупі бар. Көктем келгелі арнайы штаб 24 сағаттық жұмыс режиміне көшкен. Қазір суағарлар тазартылып, жеке сектордағы қалың қар шығарылып жатыр. Синоптиктер болса, наурыздың соңғы он күндігінде күн райы жылынады дейді.

Қарағанды қаласында 20-ға аймақ жуық қызыл судың құрсауында қалуы мүмкін. Солардың бірі Михайлов елдімекеніндегі Бадина көшесінің маңы. Осында тұратын бірқатар зейнеткердің үйін өткен жылдары еріген қар суы басып қалған. Биыл да осындай олқылық қайталанбас үшін 60-қа жуық ТЖ мамандары мен еріктілерден құрылған топ қамқоршысы жоқ жандардың ауласының қарын тазалап беріп отыр.
Қарағанды облысының ТЖД басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжановтың сөзінше, көп жылғы бақылау негізінде алынған анықтамабойынша Қарқаралы, Бұқар жырау, Ақтоғай мен Шет және Осакаров ауданының бірқатар елдімекендері су астында қалуы мүмкін. Қазір облыс әкімінің тапсырмасына сай елдімекендерден, жер үй маңынан қар шығарылып жатыр. Қазірдің өзінде 1 млн 230 мың текше метр қар шығарылған. Әсіресе автомобиль жолдарындағы суағар құбырларды тазалауға зор көңіл бөлінген. Бүгінгі күні 1900 су өткізу құбыры тазартылды.

Мамандар соңғы 2 аптада кемі 2 айлық қар нормасы жауғанын айтады. Бұл қауіпті үдете түскен. Әсіресе жердің асты 60 см бастап 150 см-ге дейін тоң болып қатып жатқан көрінеді. Егер күн райы күрт жылынса, еріген су жерге сіңбестен елдімекендерге лап қояды. Сондықтан ауланы барынша қардан тазартып, су өткізгіш арықтарды тазалап қойған абзал. Биыл қала әкімдігі мамандары жеке сектордың жол жиегіне шығарып қойған қарын өздері-ақ тазалап әкетпек.
Осыған қарамастан қазіргі ауа-райы қолайлы болып тұрған көрінеді. Облыс аумағында су тасқыны жағдайы тұрақты, барлық су айдындары әзірге қысқы режимде, өзендерде мұздың еруі байқалмаған. Ғарыштық мониторинг деректері бойынша бүгінгі күні облыс аумағының 85% қар басып жатыр. Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан артық суды шығару жалғасуда. Тұрғындар үшін төтенше жағдайлар қаупі және туындауы кезіндегі іс-қимылдар бойынша арнайы ұсынымдар әзірленді, олар рейдтік іс-шаралар барысында таратылуда. Халықпен түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, өткен жылы Қарағанды облысының 33 елді мекені аумағында 22 км астам қорғау бөгеттері мен дуалдар салынып, нығайтылған. Синоптиктер наурыздың соңғы 10 күндігінде сынап бағанасы жылынады деп жоспарлап отыр. ТЖ мамандары бұл ең қауіпті кезең дейді. Бүгінде су басу қаупінің алдын алу үшін 7 мыңға жуық адам мен 1,5 мыңға жуық техника жұмылыдырлған.

Расул МҰХАММЕД,

«QN»