Қызылқайыңның мәселесі қашан шешіледі?

— Жалпы, бұл өте күрделі мәселе болып тұр. Негізгі себеп – әкімдіктер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы. Қазір мал жаю үшін 29 млн гектар жер қажет. Соған қарамастан шаруа қожалықтары 33 млн гектар жерді пайдаланбай отыр. Ауылдық округтердің 80 пайызында жайылымдық жер тапшы», — деді Президент. — Үкімет пен облыс әкімдері прокуратура органдарымен бірлесіп, игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беру ісін қолға алуы керек. Осыған баса мән берген жөн. Үкімет ғарыштан мониторинг жүргізу тәсілін жетілдіріп, оның ауқымын кеңейтуі керек. Осы маңызды жұмысты Президенттің тапсырмасымен ғана емес, тұрақты түрде атқару керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бірақ Қарағанды облысының шаруалары «игерудің жөні осы» деп жайылым жерлердің түгін қоймай жыртып тастаған. Ғарыштан қарасаң жұмыс жүргізіліп жатқан сияқты, бірақ іс жүзінде ештеңе де жоқ. Бір ғана мысал: Қарағанды облысындағы Қызылқайың ауылының тұрғындары жайылым жерден таршылық көріп отырмыз деп шағымданады. Осыған ұқсас проблема қазір біраз елдімекенде үлкен мәселеге айналып отырғаны жасырын емес. Елдімекен халқының басым көбі осыдан бірер жыл бұрын мемлекеттен несие алып, мал басын көбейту қамына кіріскен. Алайда, биылдан бастап ауыл маңындағы жайылым жердің барлығы дерлік жыртылып, жекенің қолында екені мәлім болған. Енді қарызға белшеден батып, мал шаруашылығын қолға алмақ болғандар «жиған – тергенді сатып, несиені жаппасқа амал қалмады» дейді.

Бұқар жырау ауданына қарасты Қызылқайың селолық округындағы тұрғындардың басым көбісінде мәселе осы. Әкімдік алдына жиналған ел «мал жаятын жер қалмай қалды» деп ашынады. Расымен де ұсақ мал қоқыс полигонына, ірі-қара ауылдан 10 шақырым қашықтыққа айдалады. Жайылымға шығарарда малдың егінге түсіп кетпеуі де аса маңызды.

— Осы ауылдың 60 проценті бағдарлама бойынша несие алған. Енді мал жаятын, шабатын жер жоқ. Ешкім жұмыс істемейді тек малмен отыр. Бірінші рет айыппұл менің жылқыларым түскен кезде салынды. Алғашында ескерту болды, ақшалай келістік. Екінші рет участковый келіп 9 мыңдай айыппұл салды. Жылқылар түсіп кеткен. Енді келесі жылы мүмкін табынды тоқтатамыз деп отырмыз. Жайылатын жер жоқ, бүкіл жерді жыртып тастаған, — дейді ауыл тұрғыны Дастан Мәди.

Ауылда 1500-ге жуық халық тұрады. 4 бірдей табын бар. Тек ірі қараның басы 700-ге жуықтайды дейді олар. Жылқы мен ұсақ мал тағы бар. Қазір жайылым жер сынды шабындық жердің де мәселесі өткір тұр.

— Мал жаятын жер жоқ ауылда. Березняк болсын, Тасауыл болсын жердің бәрін жыртып тастады. Ал, малды қай жерге жаяды. Мына кісілердің көбі тіпті шөп сатып ала алған жоқ. Бәрін жыртып тастады, — деп ашынады Бақтыбек Ахмади есімді тағы бір тұрғын.

Қызылқайың округінде ресми тіркелген 38 шаруа қожалық бар. Бүгінгі күні оның тек 18-і жұмысын жүргізіп келеді. Қалғандары ауыл маңындағы 30 мың гектарға жуық жерді жалға алып «саған да жоқ, маған да жоқ» деген кейіпте отыр дейді ауыл әкімі Қайрат Нұрғалиев.

– Приватизацияға ілініп, жердің көбі 20 жыл бұрын сатылып кеткен. 49, 99 жылға бұрынғы басшы, агрономдар алған. Егер олар мына жерлерді жасамаймын деп қайта тапсырса, мен өз атымнан ауданға хат жолдаймын. Олар не аукционға қояды, не ауыл меншігіне береді. Мен сол жерден жайылым жасар едім, — дейді ол. Ал, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Арман Дардақовтың айтуынша оншақты шаруашылықтың көлемі 6,5 мыңдай гектар жер. Қазір жергілікті акимат актілерді дайындап, жергілікті инспекцияға тапсырады. Тексерістен кейін ол жерді пайдаланбаса, мемлекетке қайтарылады деп отыр.

Бүгінгі күні аталған ауылдың жайылымына кемі 30 мың гектар жер қажет дейді аудан әкімдігі. Халық игілігінде тек 4,5 мың гектардан астам жер бар. Әкім орынбасары айтқан 6700 гектар жер қайтарлыған күннің өзінде жайылымдық жері айтарлықтай кеңімейді. Ал, мақсатсыз пайдалынылған жерді билік қашан мемлекет меншігіне қайтарып, халық игілігіне беретіні белгісіз.

Бұдан бөлек, аталған ауыл тұрғындарының мазасын іргедегі карьер де алып біткен. «Құм құрсауында қалып, тұншығып жатырмыз» деген халық «айта айта Алтайды, Жамал апа қартайдының» кебін киіп отыр. Елдімекеннің маңайында құрылысқа қажетті жоғары сұрыпты құм өндіріледі екен. Карьердің бірі ауылдан не бары 300 метр қашықтыққа дейін жақын келген. Тұрғындар болса мұндай өндіріс салдарынан ауылдан қашудың аз-ақ алдында тұрмыз дейді.

— Бізде кішкентай бала жоқ, балалары барлардың сабаққа баруы да мүмкін емес болып кетеді. Әуелі адасып кетуі де мүмкін. Қыста ақ қар басса, бізді қаншама құм басады, — дейді Римма Шаймардан есімді ауыл тұрғыны.

— Жел соққан күні мұнда өмір сүру мүмкін емес. Біз құмға аунап біттік. Малдың көзі ауырады, аяқтары ақсайды. Балаларды ойнатудан қорқамыз Өйткені карьер үйден 300-ақ жүз метр. Құм деген бос нәрсе, сырғып тұрады. Ол құласа қаншама бала қырылып қалады, — деп уайымдайды Қареке Тоқтамұратұлы есімді ауыл ақсақалы.

Облыс бойынша тек осы Бұқар жырау ауданында ғана құм өндірісі бар. Құрылысқа қажетті өнімнің бірі ауылдан 5 шақырым қашықтықта болса екіншісі қол созым жерде тұр. Аумақтың шаң-тозаңнан зардап шеккені өз алдына, өнімді артып кететін жүк көліктерінен келетін қиындықтар да бар. Жүздеген жүк көліктер жолдың да тоз-тозын шығарған. Құм өндіретін компания өкілі Бақтияр Түсіповтің айтуынша тұрғындардың шағымданғаны ескі карьердің орыны.

— Онда жерді қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар 80%-ке аяқталған. Қалған 20 процентінде өндіріс жүріп жатыр, бірақ ол ауылға жақын емес, кері жағынан. 2003 жылы санитарлық аймақ ауылдан 300 метр алыс болуы керек деген, кейін келе заң өзгерді де 500 метр болды. Ендігі өндірісте керсінше ауылдан алыстай беретін боламыз- деп мәлімдеді.

Құм өндірісі кезінде шығатын бейорганикалық шаңды сарапшылар «орташа қауіпті» санатына жатқызады. Оның құрамында 70% дейін кремний диоксиді болады. Ол соншалықты зәһәрлы емес. Дегенмен кей адамдардың ағзасында тітіркену реакциясын тудырады. Ал, Экологиялық департамент болса мұнда әлі бас сұқпағандарын айтады. Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор Бақтияр Көлебаев Қарағанды облысы бойынша экологиялық департаментте бұрын соңды аталған кәсіпорынға тексеріс жүргізілмеген деп отыр. Алайда жергілікті тұрғындар қағаз жүзінде арыз-шағым түсірсе біз кезектен тыс тексеру жүргізуге дайынбыз деп қысқа қайырды.

Шаң-тозаңның тұрғындарға келтіріп жатқан нақты зияны бірқатар тексерулерден кейін ғана белгілі болады. Құмның химиялық құрамы мен шудың нормада болуы да аталған тексеруден кейін мәлім болады. Оған дейін тұрғындардың тағы да төзе тұруына тура келетін түрі бар.

Ауылдың мұңы мұнымен бітер емес. Қызықайың іргесіндегі Тасауыл деген ауылдың тұрғындары қыстың көзі қырауда тағы да ауыз сусыз қаламыз ба деп алаңдап отыр. 30 жыл бойы тіршілік нәрін тасып ішкен халыққа тек былтыр ғана орталықтандырылған су тартылыпты. Алайда, жұмыстың шалағайлығы салдарынан кейбір құбыр тартылған жерлер әлі де ашық жатқан көрінеді.

— Бұқар-жырау ауданына қарасты 500-ге жуық халқы бар Тасауыл ауылының тұрғындары орталықтандырылған ауыз суды аттай 30 жыл күтті. Тек 30 жыл дегенде даусы аудан атқамінерлеріне жетіп, биыл 27 млн. теңгеге жаңа ұңғыма салынып, құбырлар тартылды. Артынша халық үй-үйге ауыз су келді деп қуанған. Алайда, қылышын сүйреткен қыстың да қысымшылығы басталайын деп тұр. Ал, тартылған құбырлар сол беті ашық жатыр. Ойық-ойық қазып тастады, оны жапқан жоқ. Енді қазір күз келді, балалар, мал жүреді. Кез-келгені түсіп кетуі мүмкін, — дейді Тасауыл ауылының тұрғыны Нүркеш Кенжебекова.

Су құбырын аудандық коммуналдық компания әлі де өз балансына алмаған. Салдарынан үй басы суға мың теңгеден төлеп отырады екен. Өз кезегінде бұл да әділетсіз дейді халық. Ал, әкім болса қысқа дайындықтың басталып кеткенін ғана айтып ақталады.

— Су мәселесі өте қиын болатын осы ауылда. Биыл аудан көмегімен су тарттық. Жаздай су бір үзілген емес. Қысқа дайындық болып жатыр. Қыста қиындау болатын түрі бар, — дейді Қызылқайың селолық округінің әкімі Қайрат Нұрғалиев.

Сондай-ақ, әкімдік су жүйесін аудандық әкімдік балансына беру бойынша құжаттарын рәсімдеп жатқанын айтты. Тек аталған жұмыстың нақты қашан бітері белгісіз. Тұрғындар болса өткен қыстағыдай тағы да су құбыры қатып, тасып ішуге мәжбүр боламыз деп алаңдап отыр.

Расул МҰХАММЕД,

QH.