Қызмет пен спортты қатар алып жүрген чемпион
Қытай Халық Республикасының Лучжоу қаласында GAMMA MMA (аралас жекпе-жек бойынша халықаралық қауымдастық) ұйымдастырған Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Аталған дүбірлі додада Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері, өрт сөндіруші Марат Сражатов Қазақстан Республикасының намысын халықаралық деңгейде абыроймен қорғады.
Қарағандылық спортшы аралас жекпе-жек спортымен бес жылдан бері жүйелі түрде айналысып келеді. Азия чемпионатында ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Жарыс барысында екі жекпе-жек өткізіп, қорытынды нәтиже бойынша қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл көрсеткіш – құрлықтық деңгейдегі бәсекеде үлкен жетістік саналады.
Айта кету керек, Марат Сражатов үшін бұл жеңіс жолындағы алғашқы табыс емес. Өткен жылы ол ММА бойынша Қазақстан чемпионы атанып, ел ішіндегі үздіктердің қатарынан көрінген болатын. Халықаралық аренадағы жүлде – оның тұрақты еңбегі мен тынымсыз жаттығуларының нәтижесі.
Спортшының айтуынша, жекпе-жек өнерімен айналысу тек медаль жеңу үшін ғана емес, сонымен қатар кәсіби қызметін жоғары деңгейде атқаруға да зор септігін тигізеді. Тұрақты жаттығулар физикалық төзімділікті арттырып, күш пен жылдамдықты дамытады, сондай-ақ төтенше жағдайларда тез шешім қабылдап, сабыр сақтай білуге үйретеді. Бұл қасиеттер өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығы үшін аса маңызды.
Марат Сражатовтың жетістігі – отандық спорт пен азаматтық қызметті қатар алып жүрген мамандар үшін үлгі боларлық нәтиже. Ол өз еңбегімен ел намысын қорғап қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға да үлес қосып келеді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

