Қыстағы қауіп: өрт саны азайғанымен, сақтық шаралары өзекті
Қарағанды облысында жылыту маусымы басталғалы тұрғын үй секторындағы өрт оқиғалары 12 пайызға төмендеген. Алайда мамандардың айтуынша, қыс мезгілінде өрт қаупі әлі де жоғары болып, тұрғындардың сақтық талаптарын қатаң сақтауы маңызды.
Құтқарушылардың айтуынша, өрт көбінесе ескі пешпен жылытын үйлерде туындайды. Негізгі себептер – жылыту құралдарының дұрыс жұмыс істемеуі, пешті пайдалану ережелерінің бұзылуы және азаматтардың салғырттығы.
– Біз 15 тамыздан бастап 11 мыңнан астам аула аралап шықтық. Қызметкерлер тұрғын үйлерге барғанда әрқашан барлық үйге кіре бермейді, көбінесе үйдің сыртынан түсіндіру жұмыстарын жүргізіп кетеді. Халықтың шамамен 20-30 пайызы ғана үйіне кіргізіп, пештің жағдайын көрсетеді. Көп жағдайда пештердің жағдайы жақсы, алайда ақаулар кездеседі. Биылдың өзінде 545 бұзушылық анықталып, оларды жою жолдары мен жөндеу тәсілдері көрсетіліп, түсіндірілді. Қазіргі таңда осы бұзушылықтардың біразы жойылды, – деді Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Құрмет Жұмекенов.
Жыл басынан бері құтқарушылар 32 мыңнан астам тұрғынмен түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы ақпараттар жарияланып, халықпен 101 кездесу өткізілген.
– Жылу маусымы басталған соң пештің жанында жанғыш материал қойып, өздігінен өрт шыққан жағдайда ғана өрт сөндірушілер келген кезде әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Ал түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде ешкім әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды, – деп атап өтті Құрмет Жұмекенов.
2018 жылдан бері облыста 11 мыңнан астам көмір тотығын анықтайтын датчик орнатылған, оның 4300-і биыл күзде қойылды. Бес жағдайда құрылғының сигналы уақытында іске қосылып, қайғылы жағдайлардың алдын алды. Қазіргі таңда елімізде «Өрт қауіпсіздігі айлығы» өтіп жатыр, төтенше жағдай қызметінің инспекторлары тұрғындарға пешті дұрыс пайдалану, мұржаны уақтылы тазалау және қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін ескертеді.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

