Қысқа мерзімде кәсіп игер
«Қарағанды қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында жұмыс берушілердің сұранысына орай жаңа мамандықтар бойынша жұмыссыз азаматтарды кәсіптік қысқамерзімді оқыту жобасын жүзеге асыруда.
– Кәсіптік оқыту – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары шеңберінде жаңа мамандықтар (кәсіптерді) алу мақсатында кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды қоса алғанда білім беру ұйымдарында немесе жұмыс беруші ұйымдардың оқу орталықтарында оқыту, – дейді Қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары.
2022 жылда Жұмыспен қамту орталығына есепші, кесуші, массажист, мемлекеттік сатып алу жөніндегі менеджер, компьютер операторы, шаштараз, аспаз, кондитер, тігінші, дизайнер, 1С программист, веб-сайт сияқты 12 мамандық бойынша кәсіптік оқытуға 10 оқу орталығына 213 адам жіберілген. Бүгінгі таңда 97 қатысушы оқуын аяқтап, мамандығына сәйкес жұмысқа орналасты.
– Биыл жұмыс іздеп Халықты жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгінген едім. Орталық мамандары маған кәсіптік оқыту бағдарламасына қатысып, жаңа мамандық игеруімді ұсынды. Осылайша мемлекеттік сатып алулар менеджері мамандығын игердім. Оқу уақытында стипендия төленді. Ал курсты тәмамдаған соң жолдамамен жұмысқа орналастым. Жұмыс іздеп жүрген замандастарымның барлығын тегін оқудан өтіп, қызметке орналасуға шақырамын, – дейді Мәриям Нұртақанова.
Айта кету керек, кәсіптік қысқамерзімді оқуға кезекті қабылдау 2023 жылға да жоспарланып отыр. Қызығушылық танытқан азаматтар Жұмыспен қамту орталығына 996-394, 996-397 телефон нөмірлері арқылы немесе WhatsApp (8(775)644-35-80) желісіне жазу арқылы хабарласа алады. Орталықтың мекенжайы: Бұқар жырау даңғылы, 51/4.