Қысқа дайындық: жолдар бақылауда

Қарағанды облысында қысқы маусымға дайындық жұмыстары толық көлемде жүргізіліп жатыр. Биыл республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау үшін 22 мың текше метрден астам ұнтақ тас және 3 мың тоннадан артық тұз әзірленді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

«Қазавтожол» ҰК АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Думан Қалабиевтің мәлімдеуінше, қысқы маусымда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық техникалар – грейдер, бульдозер, жүк тиегіш және тракторлар – толық дайын. Сонымен қатар, қосымша 17 техника жалға алынатын болады.

Облыстағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 888 шақырымды құрайды. Қар басуы көп болатын учаскелерде тұрақты қоршаулар орнатылған, олардың жалпы ұзындығы 144 мың метрге жетеді. Былтыр Теміртау ауданында 200 метрлік учаскеде тәжірибелік мақсатта трос тіреулер қолданылған болатын.

«Kaztoll» бағдарламасы арқылы бейнебақылау камераларымен жабдықталған жолдардың жай-күйін онлайн қарауға болады. Бұл жолдарды қанағаттанарлық деңгейде ұстауға мүмкіндік береді. Қарағанды облыстық «КАЖсервис» ЖШС қысқы маусымда республикалық маңызы бар барлық жолдарды күтіп ұстаумен айналысады. Жолдарға арналған ұнтақ тас, тұз және тіпті көмір қорлары да дайындалған.

Бүгінгі таңда қар тазалайтын техника саны 150-ден асады. Қысқы дайындық жұмыстары жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған және барлық республикалық маңызы бар учаскелер бақылауда.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»