Қысқа дайындық
Қарағанды облысында қыс мезгіліне дайындық жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде қар басу қаупі жоғары 600 орын анықталып, олар қатаң бақылауға алынды. Қысқы қиындықтарды еңсеру мақсатында дәстүрлі командалық-штабтық оқу-жаттығу шарасы өтті. Аймақ әкімі мен облыстың бас құтқарушысы техникалардың және барлық құрылымның қысқы дайындық деңгейін тексерді. Бұл шаралар қысқы төтенше жағдайлардың алдын алуға және халыққа шұғыл көмек көрсетуге бағытталған.
Шахтер стадионының маңында қысқа дайындық аясында техника көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда жүк тартқыштар, жол талғамайтын көліктер, вахталық машиналар, жедел әрекет ету бригадаларының көліктері және басқа да техникалар ұсынылды. Құтқарушылар, дәрігерлер мен коммуналдық қызмет өкілдері толық жабдықталған күйде дайындықтарын көрсетті. Қысқы қиын жағдайларда ең бірінші көмекке келетіндердің барлығы осында жиналған. Аймақта республикалық оқу-жаттығулар аясында екі күн бойы «Қыс-2024» өңірлік командалық-штабтық жаттығулары өткен еді. Құтқарушылар 76 жол талғамайтын және инженерлік техниканы кез келген сәтте қолдануға дайын. Төтенше жағдайлар департаментінің автопаркі мен азаматтық қорғау қызметтері жыл сайын республикалық және жергілікті бюджет есебінен жаңартылуда. Жақында іздестіру және эвакуациялау үшін батпақта жүретін көліктер сатып алынды.
– Қазіргі кезде біздің ТЖД, ІІМ, Ұлан, әскери бөлімдер, «Қазавтожол» құрылымдарының қысқа дайындығы тексерілуде, – дейді Қарағанды облысы ТЖД басшысы Марғұлан Аманбаев.
Өткен жылы тек тас жолдардың өзінде мыңнан астам адам құтқарылған. Қажет болған жағдайда құтқару операцияларына мыңнан астам техника мен бес мыңнан астам адам жұмылдырылуы мүмкін. Бұл ретте волонтерлер мен қоғамдық ұйымдар да үлкен көмек көрсетеді.
– ТЖД аясында барлық азаматтық қорғау күшінің қызметкерлері штабта жұмыс жасауда. Оларға республикалық штабтан арнайы тапсырмалар түсіп отырады. Сол тапсырмалар бойынша жұмыстар атқарылады, – дейді ТЖ департаментінің қызметкері Нұржан Жақатаев.
Облыста 590 қар басу қаупі бар учаске анықталған, яғни 574 шақырым жол ерекше бақылауға алынды. 19 жылыну бекеті мен 6 жол бойындағы медициналық-құтқару пункті ұйымдастырылған. Төтенше жағдайлар кезінде 300-ден астам жол бойындағы сервис нысандары пайдаланылатын болады. Жаттығулар Теміртау маңындағы тас жолда да өтті, мұнда құтқарушылар далада тұрып қалған автобустағы адамдарды эвакуациялап, жоғалғандарды іздеу жұмыстарын жүргізді.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»