Қысқа дайындық

Қыс азығын жаз қамда. Алдағы жылу маусымына дер кезінде және сапалы дайындық жасау – жаздың қызған шағында апта сайын бақылауда болатын басты мәселелердің бірі. Қарағанды облысында қазірдің өзінде 220-дан астам жергілікті жылу көзі қысқа дайын. Облыс әкімдігінде өткен жиында өзге нысандардың жағдайы талқыланды.

Қарағанды облысында жылу беру маусымына дайындық қызу жүргізіліп жатыр. Құрал-жабдықтар жөнделді, құбырлар ауыстырылды, жанар-жағармай сатылып алынды. Жұмыс қалыпты түрде ұйымдастырылуда.

– Қазіргі уақытта облыс өңірлерінде жылыту маусымына дайындық штаттық режимде өтуде. Есепті күнге жоспар 35 пайыз болғанда, дайындық бойынша іс-шараларды орындау 36,2 пайызды құрайды, – дейді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев.

Кестеге орай 14 қазандық пен 8 турбина жөнделуде. Энергия көздерінің жұмысы министрліктің Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаментімен бірлесіп жергілікті атқарушы органның тұрақты бақылауына алынған. Көмір сатып алу және оны кезең-кезеңімен жөнелту жұмыстары басталды. Көмірді алдын ала сатып алу жөнінде тұрғындар да хабардар бола бастады.

Қарағанды облысының әкімі әлеуметтік маңызы бар нысандардың алдағы қысқа дайындығын және электр станцияларындағы жөндеу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

– Бүгінгі таңда қажетті барлық құжат қабылданып, жауапты тұлғалар тағайындалды. Жөндеу жұмыстарының кестесін қатаң сақтау қажет, – деп атап өтті Ермағамбет Бөлекбаев. – Энергетика басқармасы мен аудан әкімдеріне жылу беру маусымына сапалы дайындықты қамтамасыз етуді, көмірді дер кезінде сатып алу жұмыстарын жүргізуді және сапасын қадағалауды тапсырамын. Сондай-ақ көмір сатып алу жөнінде халықпен жұмысты күшейту тапсырылсын.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ, «QH»