Қысқа қамдану: Қарағандыда көмір қоры жеткілікті ме?
Қыс маусымы таяп қалған сайын Қарағанды облысында қатты отынға сұраныс артып келеді. Өңірде тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету мақсатында 55 сату нүктесі жұмыс істеп тұр. Облыстың Кәсіпкерлік және индустрия басқармасы басшысының орынбасары Ақдидар Рымбектің айтуынша, бүгінгі күні 580 мың тонна көмір қоры бар, бұл өңірдің жалпы қажеттілігінің 65 пайызын құрайды. «Халықты қатты отынмен қамтамасыз ету тұрақты бақылауда. Бағаға ең алдымен логистика әсер етеді» – дейді ол.
Қарағанды қаласында Шұбаркөл көмірінің бағасы тоннасына 15 500–15 800 теңге аралығында, ал облыс бойынша орташа баға – 19 100 теңге. Кузнецкий көмірі – 16 500 теңге, Майқұба – 16 000 теңге. Былтырғы жылмен салыстырғанда баға сәл өскен.
«Біздің қойма жыл бойы жұмыс істейді. Коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы шұбаркөл көмірін сатамыз. Оның басты артықшылығы – күлділігінің төмендігі және жылу қайтарымының жоғары болуы. Кейбір сатып алушылар жаздан бастап көмір қорын жинай бастайды. Қор жеткілікті: қоймада шамамен 5 мың тонна көмір сақтаулы, тәулігіне тағы 500 тоннаға жуық түседі» – дейді көмір қоймасының директоры Никита Аносов.
Ал «Рапид» ЖШС директоры Андрей Белов компания көмірді жаңа технологиялар арқылы жерасты әдісімен өндіретінін айтады:
«Шығындардың көп болуына байланысты баға жоғары, бірақ сапалық сипаттамаларының арқасында сұраныс сақталуда» – деді ол. Мұндағы көмірдің сапасы жоғары, күлі аз, ал жану қуаты өте жоғары болғандықтан бағасы Шұбаркөл көмірінен қымбат – тоннасы 25 мың теңгеге дейін жетеді.
Мамандар көмірді сатып алған соң оны дұрыс сақтауға кеңес береді: жыл бойы жел мен ылғалдан сенімді қорғайтын арнайы көмірқоралар жабдықтау ұсынылады.
Қарағанды облысы тұрғындарына қатты отынды алдын ала алу ұсынылады, себебі күн суытқанда кезек көбейіп кетуі мүмкін. Облыс әкімдігі көмірдің сапасына немесе салмағының кем шығуына қатысты мәселелер туындаса, тұрғындардың Техникалық реттеу және метрология департаментіне жүгінуіне болатынын еске салады.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»