ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ – ҰЛТ ҚАЗЫНАСЫ
Бие байлап, жылқы ұстаған көшпелі ел үшін қымыздың орны ерекше. Қарағанды облысында қымызмұрындық мерекесі өтті. Сұрыптау елді мекеніндегі орталық саябақта ұйымдастырылған шараға жергілікті халық қатысып, өз қызығушылықтарын білдірді.
Қымызмұрындық – қыстан аман-есен шыққан елдің жазға салым бие байлап, алғашқы қымыз ішетін мерекесі. Еліміздің басқа аймақтарында ұмыт бола бастаған бұл дәстүр Қарағанды өңірінде берік сақталған. Жыл сайын мамыр айында аталып өтеді. Әр үйде кемінде екіден он биеге дейін байланады. «Көпке бұйырсын» деген тілекпен ауыл жұрты бір-бірін қымызмұрындыққа шақырады. Осынау айтулы күнді Сұрыптау станциясының тұрғындары қайта жаңғыртып, биыл алғаш рет қымыз мерекесін ұйымдастырды.
– Бұл – ата-бабадан келе жатқан дәстүр, соны айта бермей, іс-жүзінде ұлықтауымыз керек. Біздің ойымызша, қымызға ерекше статус беру керек. Биыл бірінші рет өткізіп жатырмыз. Келер жылы да жалғастыруды, кеңінен ұйымдастыруды ойластырып отырмыз. Бұл бір реттік шара болмауы керек. Бүгін қымызын әкелгендерге сый-құрметіміз бар, арнайы сыйлық беретін боламыз, – дейді қала тұрғыны Жанарбек Мамбар.
Шараға келген үлкендер ұлттық сусыннан дәм татып, бағаларын берді. Бие байлап, қымыз баптап отырғандар көпшілікке оны дайындау тәсілдерін көрсетті. Олардың арасында Кәмеш Жакина да бар.
– Сортировканың сыртындағы Хамзе деген ауылдан келіп тұрмыз. Негізі, Хамзе деген кісі ертеде қымызбен айналысқан екен. Менің осы жерге көшіп келгеніме 15 жылдай болды. Келгелі қымызбен айналысып келе жатырмыз. Енді бизнес көзі қылдық. Уақыт талабы солай болды. Бірақ кезінде қымызды сатпаған екен.
Мерекелік шара соңы спорттық жарыстарға ұласты. Білекті жігіттер кір тасын көтеріп, қол күрестіріп, арқан тартысты. Алыс-жақындағы ағайын бір-біріне тілек айтып, қуанышпен тарасты. Қымызмұрындықты республикалық деңгейдегі мерекеге айналдырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрімізді, мәдени-рухани құндылықтарымызды жандандырып, сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу – асыл парызымыз.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»