Қымыз ішкен жүргізуші – заң бұзушы ма?
Жүргізуші рөлге қымыз ішіп отырғаны үшін куәлігінен айырылуы мүмкін бе? Мәжіліс депутаты Марат Бәшімовтың айтуынша, қазіргі заңнама бұл мәселені тым қатаң қарастырады. Себебі қандағы аздаған мөлшердегі алкогольдің өзі құқықбұзушылық ретінде бағаланады. Ал қымыздың құрамында табиғи түрде 1–3 пайыз спирт болатыны белгілі. Сондықтан депутат әкімшілік жауапкершілікті нақты деңгейге қарай бөлу қажет деп санайды.
– Біздің Конституцияда жазаның мөлшері мен кінәнің салмағы бір-біріне сай болуы керек деген қағида бар. Сол себепті Батыс елдеріндегідей, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын жүргізушілер үшін қандағы алкоголь мөлшерінің нақты әрі әділ шегін белгілеу орынды. Бұл, әсіресе, Әкімшілік кодекстің 608-бабына қатысты өзекті, – деді депутат.
Оның айтуынша, елімізде кейде адам тек қымыз ішкені үшін «мас жүргізуші» ретінде танылып, куәлігінен айырылады. Мұндай жағдай әсіресе күнкөріс қамымен көлік жүргізіп жүрген азаматтарға үлкен соққы.
– Қымыз ішкен адамды ішімдік ішкенмен теңестіру әділетсіздік. Сондықтан жауапкершілікті масаю деңгейіне қарай ажырату қажет, – дейді халық қалаулысы.
Ал Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл пікірге жауап беріп, министрліктің ұстанымы нақты екенін айтты.
– Жүргізуші куәлігінен айыру мас күйінде көлік жүргізгендерге қатысты қолданылады. Бұл тұрғыда министрліктің ұстанымы айқын. Барлық жол апаты мас күйінде жасалмайтынын түсінеміз. Бірақ өзге санаттағы кейбір құқық бұзушылықтарды қайта қарауға дайынбыз, – деді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Алайда қоғамда бұл тақырып қызу талқылануда. Өйткені ұлттық сусын – қымыздың құрамында табиғи спирт бар, ал оны ішкен жүргізушіні жазалау қаншалықты әділ деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр.
Мысалы, Францияда жүргізушінің қанындағы алкоголь мөлшері 0,5–0,8 промиллеге дейін болса, тек 135 еуро айыппұл салынады. Ал одан жоғары болса – ірі айыппұлмен қатар жүргізуші куәлігінен де айырылады.
Енді аспанда такси ұша ма?
Жол қозғалысы мәселесі талқыланған Мәжіліс отырысында тағы бір ерекше тақырып – әуе таксиі де сөз болды.
– Бүгінде тек жердегі емес, әуе де ұшатын таксидің пилоттық нұсқалары пайда бола бастады. Бұл жобаны Дубайда да көрсетіп жатыр. Өзім ондай көліктерге мініп көрмесем де, біз де соған ұмтылуымыз керек деп санаймын, – деді министр.
Қазір Қазақстанда электрлі велосипедтер мен самокаттар сияқты микромобильді құралдар да жиі пайдаланыла бастады. Дегенмен, министрдің айтуынша, инфрақұрылым толық дайын емес.
Еліміз бойынша бар болғаны 500 шақырым веложол бар, ал нақты қажеттілік одан алты есе көп. Сондықтан ІІМ басшысы мұндай құралдарды әкеліп, сатуға рұқсат бермес бұрын, алдымен соған лайық жағдай жасау керек екенін атап өтті.
Айта кетейік, өткен аптада елімізде алғашқы әуе таксиінің таныстырылымы өтті. Мұндай көліктер алдағы жылы ірі қалаларда пайда болуы мүмкін.
Қымыз ішкен жүргізушіге қатысты пікірталас қоғамдағы әділдік пен ұлттық дәстүрлердің тоғысында тұрған мәселені көрсетті. Бірі – заңның үстемдігін, бірі – өмірдің шындығын алға тартады. Ал билік өкілдері болса, әділ шектеу мен қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті табуға тырысып отыр.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»