Қымбат аялдамасы бар қарағандылықтар қалтырап жүр

Қысы қаһарлы Қарағанды өңірінде жылы аялдама салу жыры 2017 жылы басталған. Қараша айынан қара суықпен басталатын қыс маусымы бізде алты айға ұласады. Сондықтан аялдамада сарылып қоғамдық көлік күтер жолаушыға жағдай жасау қажеттілігі – аса өткір мәселенің бірі. Оның үстіне, біздегі аты бар да, заты жоқ аңғал-саңғал сапасыз аялдамаларда жазда күннен, қыста бораннан паналау мүмкін емес. Алайда алты жыл жыр болған жылы аялдамалардың да жарытқаны шамалы.

Желтоқсанның екінші аптасында ақырған аяз бірнеше күнге тұрақтап, сынап бағанасы -37 градусқа дейін төмендеді. Мектептерде сабақ онлайн тәсілге көшкенімен, өзге жұртқа жұмыстың тоқтамасы анық. Алайда бет қаритын үскірік аязда біздегі аялдамалардан пана табу мүмкін болмады. Жоқ, бас сауғалап ықтайтыны мүлдем жоқ деуге келмес. Жабығы да бар, бірақ жайсыз. Қазіргі нарықтық бағаға шақсаңыз, біздегі 15 миллиондық мұндай бір аялдамаға бір пәтердің құны жұмсалған. Судың да сұрауы бар, алайда қазіргідей заманда біздегі 14 павильонға жұмсалған 210 миллион теңгенің қатаң сұрауы болмаған сынды. Мұндай жабық аялдамалардың жағдайына қарай талғамы жасалған. Нақты айтқанда, Қарағандыдағы жылы аялдамалар жаураған жолаушының емес, қаңғыбас көше кезбелерінің таңдаулы орнына айналған. «Қой дейтін қожа, әй дейтін әже жоқ» деп осындайда айтар болар.

Қарапайым халық үшін тұрғызылып, шарапатын шөлмек құшақтағандар көруде. Іші қоқыс қалдықтарына толы, иісі қолқа қабар мұндай орындарға тұрғындар қанша жерден жаураса да кірмеуге тырысады. Иесіз болған бұл аялдамалардың игілігін көрмеген жұрт «жалпы бұл павильондар кімдерге арналып салынды?» деп реніш білдіреді. Жылы деген – аты ғана. Күзетте тұрғанның өзін күйретуге құмарлар енді қараусыз тұрған аялдамаларды қиратуға кіріскен. Жергілікті шенеуніктер болса әр аялдамаға 15 миллион теңгеден бөлінгенін растайды. Бірақ ондағы тазалық пен бақылауға жауап бермейтінін айтып отыр. Оған өзіндік уәждері де бар екен.

Қарағанды қалалық коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Темірлан Талдыбаевтың айтуынша, қазіргі таңда павильон орнату жұмыстары аяқталған жоқ. Аяқталғанға дейін мердігер ұйым өз есебінен күтіп ұстап, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Жұмыстар толықтай аяқталғаннан кейін, аудан әкімдіктерінің қарауына береді екен.

Ал мердігер компания жылы аялдамаларға тоқ көзін тартып, жұмысты толықтай жоспарға сай наурыз айында өткізуі тиіс. Сынған аялдамаларды сол уақытқа дейін қайта қалпына келтірулері керек. Ал ара-тұра жасалады делінген тазалық жұмыстарының нышаны да байқалмайды.

Өзге елдерде жабық аялдамалар қала тұрғындарын тек аяздан қорғау үшін ғана орнатылмайды. Мысалы, Дубайда температура үнемі +37°C-тан жоғары болады. Соған орай жолаушыларды шаңды дауылдан қорғау үшін жабық аялдамалар салынған. Мұндай аялдамалар кондиционермен, мүмкіндігі шектеулі жандарға, соның ішінде мүгедектер арбасына таңылғандар мен көзі нашар көретіндерге, сондай-ақ велосипедтерге арналған тұрақтармен жабдықталған. Ал Ресейде жылы аялдамадан жаураған жұрт пана тауып қана қоймай, кәсібін дөңгелеткендер де осындай нысандарды ұтымды қолданады екен. Мысалы, күту залының ішкі жағында үш қатарлы орындықтар, ыстық кофе ішу жағдайы жасалған. Сондай-ақ мүгедектер үшін арнайы тегін әжетхана да жасалған. Кей жерде суықта тоңбасын деген оймен аялдамалардағы орындықтың өзі жылытылады. Аялдама ішінде ақпараттық мониторлар және автобустардың бағытын көрсететін бейнебақылау камералары бар екен. Ал біздер өркениетті өгейсіп тұратындаймыз. Шыны болса – шытынатушылар, темір болса – талқандаушылар табылады. Қорыта айтқанда, мердігердің қолынан өтіп әкімдікке жеткенше, жылы аялдамалардан жұрт жақсылығын сезінер жұрнақ қалса игі. Сұрауы жоқ дүниенің сұрқы қашатыны – шындық.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»