Ғылыми конференция өтті

«Цифрлық трансформация жағдайында зияткерлік капиталды қалыптастыру: тәжірибе, сын-тегеуріндер, перспективалар» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің базасында өтті. Оған 300-ден астам баяндама келіп түсті.

Конференцияға жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлері, Қазақстан мен жақын және алыс шетелдердің 10 елінің ғалымдары, сондай-ақ ҚарТУ жанында жұмыс істейтін «Корпоративтік Университет» инновациялық-білім беру консорциумы кәсіпорындарының басшылары қатысты.

Конференция басталар алдында қатысушыларға Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрі С. Нұрбектің, РҒА вице-президенті, В. Я. Панченконың, РҒА жас ғалымдар кеңесінің төрағасы А. Котельниковтың құттықтау хаттары оқылды.

Конференция жұмысы бес секциялық залда ұйымдастырылды. Баяндамашылар машина жасау, көлік және құрылыстағы цифрландырудың, BIM-технологиялар, Еnergy, нейромаркетинг, тау-кен металлургия кешенінің практикалық міндеттерін шешудегі инновациялық тәсілдер, өндірістік міндеттерді шешуде нано-, мета — және биохимиялық материалдарды қолданудың ғылымды қажетсінетін технологиялары саласындағы маңызды аспектілерді қозғады.

Іс-шараға қатысушылар Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті елдің техникалық білім беру жүйесінде көшбасшы орынға ие екенін, Ұлт жоспарын, білім мен ғылымды дамытудың және Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының 2020—2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларын табысты іске асыру үшін барынша күш салатынын атап өтті.

Білім, ғылым мен өндірісті тек республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде де нәтижелі интеграциялауға ерекше назар аударылды.

Іс-шара соңында Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ ректоры Марат Ибатов конференцияға қатысушылар ұсынған ғылыми жобалар мен әзірлемелер қазіргі ғылымның одан әрі дамуына негіз бола алатынын атап өтті.

Конференция қызметінің қорытындысы жақын арада шығарылатын қатысушылардың ғылыми еңбектерінің жинағы болмақ.

 

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша