Ғылым мен мәдениетті тоғыстырған халықаралық басқосу
Орталық Қазақстан академиясында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын IV Халықаралық ғылыми-теориялық конференция биыл да жоғары деңгейде өтті. «Тіл. Білім. Мәдениет» тақырыбын қамтыған жиынға Қазақстан мен шетелдерден келген ғылым өкілдері қатысып, білім мен мәдениет төңірегіндегі өзекті мәселелерді ортаға салды. Конференция ғылыми пікір алмасудың маңызды алаңына айналды.
Халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтқан ауқымды конференция өз жұмысын табысты аяқтады. Оған еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарынан профессорлар, зерттеушілер, магистранттар мен студенттер қатысты. Сондай-ақ, Бельгия, Франция, Оңтүстік Корея, Қытай, Түркия сынды 12 шет мемлекеттің беделді ғалымдары өз тәжірибелерімен бөлісіп, ғылыми ойларымен алмасуға мүмкіндік алды. 100-ден аса ғылыми баяндама ұсынылған жиында білім беру, мәдениет және тіл саясаты мәселелері кеңінен талқыланды.
– Конференция аясында лингвистика, оқыту әдістемесі, мәдениетаралық коммуникация, білім беруді дамыту және мәдени мұраны сақтау сияқты өзекті тақырыптар кеңінен қамтылды. Қатысушылар заманауи ғылым мен білім беру салаларындағы мәселелерді жан-жақты талқылап, түрлі ел тәжірибесімен бөлісті. Бұл конференцияның халықаралық ғылыми пікір алмасу мен ашық диалог алаңына айналып келе жатқаны ерекше қуантады. Бұл үрдіс тіл, білім және мәдениет мәселелеріне деген жаһандық қызығушылықтың артып отырғанының айқын дәлелі, – деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3 курс докторанты Ерлан Әубәкіров.
Заманауи білім беру үдерістерін талқылаған конференция барысында шет тілін оқытудың тиімді әдістері, тілдің қоғамдық маңызы, цифрлық қоғам жағдайындағы лингвистиканың рөлі кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, білім беру саласына жаңа технологияларды енгізу мен аударма ісіндегі өзекті мәселелер де қатысушылар назарында болды.
– Бұл конференция Орталық Қазақстан Академиясы үшін дәстүрге айналған маңызды шаралардың бірі. Айта кетерлігі, «Тіл. Білім. Мәдениет» атауы Академия тарапынан екі жыл бұрын ресми түрде патенттелген. Конференцияның басты мақсаты – мәдениет, білім және лингвистика салаларындағы ғылыми идеялар мен тәжірибелерді ортаға салып, өзара пікір алмасу. Биылғы жиында мен «Жасанды интеллект дамуы контекстіндегі тілдік білім беру эволюциясы» тақырыбында баяндама жасадым. Бұл тақырыптың қазіргі таңда аса өзекті екеніне сенімдімін. Аталған конференция – осы бағыттағы заманауи өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктерді мамандармен бірге талқылауға арналған бірегей ғылыми алаң, – дейді «Лингва» мектебі басшысының орынбасары Диана Жолшорина.
Конференцияда Қарағанды медицина университетінің студенті Сейіт Аммар Әли «Шетелде оқу, алмасу бағдарламалары және жаһандық азаматтарды қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасап, жастардың халықаралық тәжірибе арқылы бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуының маңызын ерекше атап өтті. Шара соңында ұйымдастырушылар барлық қатысушы мен қонақтарға ризашылық білдіріп, конференция нәтижелерінің халықаралық білім мен ғылымды дамытуға оң ықпал ететініне сенім білдірді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»