«Я ВИДЕЛ В МИРЕ ГОРОДА, НО ТЫ ОДНА – МОЯ КАРАГАНДА!»
«Шалқыма» концерт залының сол жақ қабатындағы қабырғаға Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, композитор, музыкант Болат Сыздықовтың құрметіне осындай ән жолдары жазылған мемориалдық тақта орнатылды.
Мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы кеншілер күні қарсаңында композитордың туыстары, достары мен әріптестерінің қатысуымен өтті. Олар Болат Мұратұлы туралы естеліктерімен бөлісіп, өткен күннің қызығын баянады.
Музыканттың үлкен әпкесі Роза Сыздықова інісінің жасы кіші болғанына қарамастан, ағалық қамқорлық таныта білгенін жасырмады.
— Бұрын «Шалқыма» концерт залының орнында «Октябрь» кинотеатры болған. Қазір осы жерде бауырымның құрметіне ескерткіштақта орнатылғанына қуаныштымын. Мен оны «Тоқаш» деп еркелететінмін. Жас кезімізде екеуміз екі түрлі салада жүрдік: мен бокс пен еркін күрестен республикалық санаттағы жалғыз әйелтөреші болдым; ал інім гастрольдік сапарда жүретін, — дейді Роза Сыздықова.
Болат Мұратұлы Қарағанды қаласында дүниеге келген, өнер жолын Қарағанды филармониясында «Гәкку» ансамблінің құрамында бастаған. 1996 жылдан бастап арнайы шақырумен «Гүлдер» республикалық жастар ансамблінде шығармашылық қызметін жалғастырған. Содан кейін Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаевамен «Арай» ансамблінде өнер көрсеткен.
1992 жылы Болат Карина Абдуллинамен бірге өзінің жеке жобасы — «Мюзикола» дуэтін құрады. Композитор ретінде жүзден астам музыкалық шығарма жазған, кеншілер отбасында дүниеге келген музыканттың Қарағанды, кеншілер туралы әндері де аз емес.
Болат Сыздықовтан ағалық қамқорлық сезінгендердің бірі – Қарағандының Құрметті азаматы, «Сарыжайлау» кинотеатрының басшысы Рымбала Омарбекова.
— Қарағандыдағы «Жұлдыздар аллеясында» Болаттың есімі ойып тұрып орын алады. Соның дәлелі ретінде «Шалқыма» концерт залының қабырғасына тағы бір ескерткіш орнатылды. Оның ең әсерлі туындыларының бірі – кеншілердің жұбайларына арнап жазылған ән. Бұл кен орнында, жер астында жұмыс істейтін күйеулерінің амандығын тілеп күтіп отырған әйелдер туралы ән еді, — деп атап өтті Рымбала Кенжебалақызы.
Мемориалдық тақта жобасының авторы – қарағандылық суретші Владимир Проценко. Осыдан бірер апта бұрын Абай көшесінен орын тепкен марқұм Сұлтан Досмағамбетовтің де ескерткішінің жобасын Проценко дайындаған.
— Мемориалды тақтаны жасау идеясын облыстық суретшілер одағының басшылығы ұсынды. Жоба жұмысы көп уақытты қажет етпеді. Бір ай ішінде барлық жұмыстар өз мәресіне жетті, — деді суретші.
– Біздің команда Нұр-сұлтан қаласының шебер мүсіншісі Ринат Әбеновпен бірлесіп жұмыс жасайды. Елордада орналасқан «Ана» мүсінін де бірлесіп жасадық. Ал, Болат Сыздықовтың құрметіне арналған мемориалдық тақта жобасы форма ты мен көлеміне қарай стандартты өлшемге сай емес. Мүсін – қоладан, ал, тақта – өте берік Қордай гранитінен құйылған. Нәтижесінде, өте сапалы әрі көзтартар үйлесімдіктегі тақта шықты. Мүсін жасарда, Карина Абдуллинамен бірге фотосурет таңдадық. Ол маған ұнаған суретті жіберді. Себебі, бұл суретте шынайы күлкі, өмір бар еді.
Қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуына қатысып, Қарағанды үшін бұл тарихи оқиға екендігін атап өтті. Шаһар басшысы мен Роза Сыздықоваға монументтен жамылғыны алу мәртебесі берілді.
Болат Мұратұлының жақын досы, экономика ғылымдарының кандидаты Ерлан Досмағамбетов те өз естеліктерімен бөлісті:
— Болат өмірді өте қатты жақсы көрді. Оның әндерінің барлығы өмір сүруге, сүюге шақыратын. ол әрдайым біздің жадымызда, жүрегімізде, — деді Ерлан Сұлтанұлы.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, QH.