Құқықбұзушылықтың алдын алу

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда уәкілетті органдар қандай әрекет, шараны жүзеге асыруда? Ұсынылған ақпарға жүгінсек, Теміртауда 21 оқиға және Қарағандыда 14 жағдай тіркелді. Облыс әкімдігінде құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Отбасындағы зорлық-зомбылық қылмыстары өкініштісі біздің елде аз емес. Отбасында қыз-келіншектерге, балаларға көрсетілген қысым, ұрып соғу, зорлық, қорқыту, дене жарақатын салу оқиғаларының соңы көп жағдайда жәбір көрушінің психологиялық соққы алып, тіпті өлімге жеткізіп жатыр. Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік заңмен күшейтілген әрі абьюзерлерге қатысты заң қатаңдатылды. Бұл күнде отбасылық жанжалқойларға көп жағдайда әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалуда.

– Статистикалық мәліметке тоқтала өтсем, биыл 82 әйел адам тұрмыстық зорлық-зомбылықпен ұшырасты. Зорлық, қорлық оқиғаларының басым бөлігі Қарағанды, Теміртау және Балқаш қалаларында жиі тіркелуде. Статистика көрсеткендей, әйелдерге зорлық-зомбылық жасайтын еркектердің 57 пайызы жұмыссыздар. Олардың әлеуметтік портреті 30-50 жас аралығындағы білімі орта деңгейдегі еркектер, – дейді ЖПҚ басқармасының бастығы Қайырбек Шәкенов.

Бұл ретте отбасында зәбір көріп, таяқ жеп жүрген әйелдердің 52 пайызы 30 бен 40 жас аралығында және 48 пайыз 40 пен 50 жас мөлшеріндегі әйелдер. Олар да жұмыссыз және ер адамға материалдық тәуелді болғандар. Тағы бір айтары күнделікті өмірдегі әрбір екінші зорлық-зомбылық оқиғасы ерлердің мас күйінде жасалатынын атап өткен жөн.

– Биыл әйелдерге қатысты жалпы 2 759 құқықбұзушылық тіркелді. Олардың бесеуі өлім оқиғасы, жетеуі абайсызда өлім жағдайына жеткізу, 8 дерек денсаулыққа ауыр деңгейде зиян келтіру, – деді Қайырбек Шәкенов.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетіледі. Агрессорға қатысты әкімшілік немесе қылмыстық жаза қолданылады. Абьюзерлерді заңдық тұрғыдан тәртіпке келтіру жолдары қолданыста, бірақ олармен мінез-құлықты психологиялық тұрғыда түзету саласындағы мамандар да жұмыс істеуі керек дейді. Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында ойын-сауық орындарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесі де талқыланды. Әдетте қылмыстық әрекеттер түнгі сағат 4-5-ке дейін жұмыс істейтін дәмханалар мен барларда жиі орын алады. Осы жылы 102 қызметіне ойын-сауық орындары аумағында түрлі құқық бұзушылық бойынша 2,5 мың хабарлама келіп түсті. Кейбіреулер бойынша қылмыстық істер қозғалды және әкімшілік сипаттағы шаралар қабылданыпты. Тәртіпсіздік оқиғалар кәсіпкерлердің мекеме күзетшілерінің жұмысына немқұрайлы қарауында дейді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                    

«QH»