«WorldSkills Karaganda – 2024»

Достық үйінде «WorldSkills Karaganda – 2024» аймақтық чемпионатының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Биыл оған облысымыздың 300-ге жуық студенті қатысты.

«WorldSkills-тің» басты мақсаты – жастардың кәсіби дағдыларын дамыту және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру. Колледж студенттері ретінде жастар қазірдің өзінде өз саласының мамандарына айналуда. Шараға қатысқандардың бірі – Диас Шаймұхан. Ол мұндай байқауға алғаш қатысқанын және қызықты болғанын айтты.

– Маған сайт жасаған ұнайды. Және қызықты жобалар болған жағдайда, біз ол жерде сайтқа ғана емес, қолжетімді қолданбаларға сайт істеп бере аламыз. Мен болашақта тәжірибемді шыңдап, ісімді дамытсам деймін, – деп атап өтті Қарағанды техникалық-экономикалық колледжінің студенті Диас Шаймұхан.

«WorldSkills Karaganda – 2024» байқауы 45 сала аясында өткізілді. Жарысқа дәнекерлеу, бояу, шаштараз, аспаздық, токарьлық жұмыстар, фрезерлік станоктар, веб-дизайн, бағдарламалау және тағы басқаларын, соның ішінде биыл қосылған білім беру және мәдени бағыттарды меңгерген, сондай-ақ тәжірибеден өткен студенттер қатысып, қорытынды нәтижелерді күтті. Марапаттау рәсіміне техникалық және кәсіптік білім беру ардагерлері мен облыс әкімдігінің өкілдері қатысты. Жарыс құзыреттілік орталықтарында ұйымдастырылған 17 колледждің алаңында өткізілді. Байқауға қатысқандарды тәуелсіз сарапшылар бағалады. Критерийлер орындалған жұмыстың техникалық бөлігіне, студенттердің жеке қасиеттеріне байланысты қойылды. Ал байқау жеңімпаздары «WorldSkills» республикалық чемпионатына барады, онда анықталған үздік мамандар халықаралық шараға қатысады.

– Жарыстың негізгі мақсаты – жұмысшы мамандығын насихаттау, жұмысшы мамандығының деңгейін көтеру. Бұл жиын соған арналған. Облыс көлемінде 14 мамырдан бастап екі аптаға созылады, 17 колледждің базасында өтті. Әр колледжден шыққан жеңімпаз студенттеріміз облыстық жарысқа қатысып, өздерінің деңгейін, мамандықты қалай игергендігін көрсетті, – деді Қарағанды облысының Білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Серікбол Шатинов.

Аталмыш іс-шараны Қарағанды облысының Білім басқармасы ұйымдастырды. «WorldSkills» аймақтық чемпионаты осымен 9-жыл қатарынан өткізіліп отыр. Осы уақыт ішінде 2 300-ден астам сала маманы қатысты.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»