Вирусқа қарсы екпе

Елімізде биыл күзден бастап 11 жастағы қыз балаларға адам папиллома вирусына қарсы вакцинация жүргізу жоспарлануда. Аталмыш вирусқа қарсы екпе бұл күнде Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді. Медициналық көмектің кепілдік берген көлемі шеңберінде тегін ұсынылады.

– Адам папиллома вирусы – дененің әр түрлі бөлігінің терісі мен шырышты қабықтарын зақымдайтын вирустар тобы. АПВ вирусы адамнан-адамға келесі жолдармен жұғады: тұрмыстық байланыс, қол алысу, сүйісу, терінің зақымдануы арқылы. Ылғалды ортада тез таралады, – деп атап өтті Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.

Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация бағдарламасының негізгі мақсаты – әйелдерді жатыр мойны обырынан қорғау. Бүгінгі күні адам папиллома вирусының емі жоқ, жатыр мойны обырының алдын алудың жалғыз әдісі осы вакцинация деп танылған. Және биылдан бастап онкологиялық сырқат түріне қарсы вакцинация тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді. Мамандардың сөзінше, вакцинаны ерте жастан салған тиімді.

Алаңдатарлық мәселе – жыл сайын елімізде жатыр мойны обырына шалдығудың 1900 жағдайы тіркеледі екен. Жылына 600 әйел адам осы аурудан көз жұмады. Қазақстанда әйелдер ауыратын онкологиялық сырқат арасында жатыр мойны обыры екінші орында. Ал біздің облыстағы көрсеткішке келсек, жылына орта есеппен 150 жағдай тіркелуде. Ал өлім-жітім көрсеткіші тіптен қорқынышты. Жылына біздің аймақта 45 әйел осы аурудан қайтыс болады. Осы келеңсіздік ескеріліп, қыркүйек айынан бастап иммундау науқаны жүргізіледі. Екпенің тегін әрі қауіпсіз екенін айтады мамандар. Сондай-ақ мамандар 11 жастағы қыз балаларға АПВ-ға қарсы вакцина салу арқылы қыздарымызды, яғни болашақ аналарымызды онкологиядан қорғауға болатынын қаперге салады. Екпе ата-ананың келісімімен ерікті түрде жасалады. Осы ретте Бибігүл Төлегенова ата-аналарды қатерлі ісік ауруларының алдын алу үшін папиллома вирусына қарсы екпе салдыруға шақырады.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»