Ветеринария саласында алғаш рет бірегей ота жасалды
Қазақстанда тұңғыш рет қарағандылық ветеринар мамандар иттің жамбас буынын алмастыру операциясын сәтті орындады. Бұл күрделі хирургиялық араласу эндопротездеу әдісімен жүргізілген. Мамандардың айтуынша, бұған дейін отандық ветеринария тәжірибесінде мұндай операциялар жасалмаған. Жаңашыл ота ветеринария саласының дамуына жаңа серпін берді.
Джеси – жасы алтыға толған неміс овчаркасы тұқымындағы ит. Ол күшік кезінен бастап жамбас буындарының дисплазиясы дертіне шалдыққан. Уақыт өте келе бұл сырқат артрозға ұласты. Ұзақ жылдар бойы қозғалу Джеси үшін ауырсынумен қатар жүрді. Ауырсынуды басатын дәрі-дәрмектер де айтарлықтай нәтиже бермеді, керісінше иттің асқазан-ішек жолдарының жұмысына кері әсерін тигізді.
– Итім ұзақ уақыт бойы үнемі ақсап жүрді. Біз қолдан келгеннің бәрін жасап, түрлі дәрі-дәрмектерді қолдандық, барынша тырыстық. Соған қарамастан, жағдайы күрделі болды. Ақырында оған ота жасалып, операция сәтті өтті. Қазір менің итім қайтадан еркін жүгіре алады. Енді ол ұзақ өмір сүреді деп үлкен үміт артамын, – дейді иттің иесі АлександрМихотин.
Джессиге арналған протездер Ресейде арнайы дайындалған. Олар иттің ағзасына толықтай сай келеді. Титаннан жасалған бұл буынға дұрыс күтім көрсетілген жағдайда, үй жануарына өмір бойы қызмет ете алады. Сонымен қатар, өнімге ресми кепілдік берілген.
– Операция шамамен төрт сағатқа созылды. Қазіргі таңда иттің жағдайы жақсы. Бесінші күні-ақ аяқтарының біртіндеп қалпына келе бастағанын байқадық. Импланттың сүйекпен толық бітісуі шамамен екі айдың ішінде жүзеге асады. Осы кезеңде Джесси оңалту орталығында болады және үнемі ветеринарлар мен реабилитологтардың бақылауында ұсталады. Ол өте белсенді, үнемі жүгіргісі келіп тұрады, сондықтан әзірге шектеулі кеңістікте ғана қозғалуына рұқсат етілген. Ең бастысы – белгіленген режим қатаң сақталуы керек, – дейді ветеринар Евгений Крюков.
Джессидің клиникада ем қабылдап жүргеніне шамамен жарты ай болды. Қазір ит жаңа буынға біртіндеп бейімделіп, қайта жүруді үйреніп жүр. Ветеринарлардың айтуынша, оңалту шараларын алдағы уақытта үй жағдайында да жалғастыруға болады. Алайда протездің толық орнығып, қалыптасуы үшін әзірге аяққа артық салмақ түсірмеу маңызды. Бұған дейін мұндай күрделі операциялар үшін жануар иелері шетелге баруға мәжбүр еді. Ал бүгінде Қазақстанда алғаш рет үй жануарлары жоғары технологиялық медициналық көмекті өз елінде ала алады. Қарағанды қаласының өзінде-ақ ондаған үй жануары осындай операцияға зәру. Жалпы эндопротездеу жануарларға еркін қозғалып, толыққанды өмірге қайта оралуға мүмкіндік береді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

