Ветеринария саласы қарқынды дамуда

Қарағанды облысында ветеринарлық қызметтің материалдық-техникалық базасы алғаш рет ауқымды түрде жаңартылды.

Қарағанды облысында ветеринария саласы тың серпін алып, жүйелі жаңғыру кезеңіне аяқ басты. Облыстың жеті аудандық ветеринарлық станциясы мен Қарағанды және Балқаш қалаларындағы ұйымдарға 66 жаңа қызметтік автокөліктің кілті табысталды. Бұл – өңірдегі ветеринарлық қызметтің тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі.

Ауқымды жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «2025 – Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жүзеге асты. Жылдың басты мақсаты – еңбек адамының мәртебесін арттыру және техникалық-кәсіптік мамандық иелеріне нақты қолдау көрсету.

Ветеринар мамандығы – мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, жұқпалы аурулардың алдын алып, індет ошақтарын жоюда маңызды рөл атқарады. Сондықтан сала мамандарының кәсіби дайындығы мен материалдық қамтамасыз етілуі – мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін фактор.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ветеринарлық ұйымдарды қолдау мен олардың техникалық мүмкіндіктерін арттыру – өңір дамуы үшін маңызды қадам екенін атап өтті.

– Ветеринария саласындағы мамандарға жаңа қызметтік көліктердің кілтін тапсыру – сіздердің күнделікті жұмыстарыңызды жеңілдетіп, уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл – тек техника емес, халыққа сапалы қызмет көрсетуге жасалған инвестиция, – деді өңір басшысы.

Қарағанды облысы Ветеринария басқармасының басшысы Амандық Жәкетаев жаңа автокөліктер аудандық және қалалық ветеринариялық ұйымдарға бөлініп, шұғыл және алдын алу шараларын тиімді жүргізуге сеп болғанын айтты.

– Бұл техникалар індеттің алдын алу, биоматериалдардан сынама алу мен оны зертханаларға жеткізу, вакциналау сынды маңызды процестерде пайдаланылады. Нәтижесінде жұмыс тиімділігі айтарлықтай артады, – деді басқарма басшысы.

Абай аудандық ветеринарлық станциясының басшысы Азамат Саменбаев бұл жаңалықтың жергілікті жерде қаншалықты маңызды екенін атап өтті:

– Ауданымызда 15 ауылдық округ бар. Олармен күнделікті байланыс үзілмейді. Жаңа көлік – біз үшін үлкен көмек. Әсіресе көктемгі алдын алу шаралары кезінде жылдам әрі сапалы қызмет көрсетуге жол ашады, – деді ол.

Жаңартылған автопарктер облыстың барлық аудан-қалаларына нақты қажеттілік бойынша бөлінді. Бұл бастама ветеринарлық қызметтің қолжетімділігін арттырып, ауыл тұрғындарының өмір сапасына оң әсер етеді.

Алдағы уақытта Қарағанды облысында ветеринария саласында инфрақұрылым мен кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырылады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»