ВАКЦИНА: ПАЙДАСЫ БАР МА? ҚАУІП ҚАНДАЙ?
Президент 1 ақпаннан бастап халықты жаппай вакциналауға тапсырма берді. Бірақ екпе алғандар саны неге аз? Халық неден қорқады? Вирустың жаңа мутациялық штамдары туралы не білуіміз керек? Бұл сұрақтардың жауабын Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі Айгүл Шатековадан сұрап білдік.
— Короновируспен ауырғандардың саны артып келеді. Өңірдегі эпидахуал қалай?
— Коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық көрсеткіштерінің артуының негізгі себебі – халықтың қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамауы: адамдар көп жиналатын жерлерде маска тақпау, әлеуметтік қашықтықты сақтамау, бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысында көрсетілген алгоритмдерді орындамау. Тыйым салынған бұқаралық ісшаралар фактілерін анықтау жалғасуда. Дегенмен, халық оларды жиын-тойды тоқтатар емес. Бұл кейіннен жоғары сырқаттанушылықты тіркеуге алып келеді.
Осылайша, жыл басынан бері Қарағанды облысының мониторингтік топтары 78 мыңнан астам нысанды қамтыды, оларда 800-ден астам карантиндік шаралардың бұзылуы анықталған. Жыл басынан карантиндік шараларды бұзу фактілері бойынша 1000-нан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, айыппұлдардың жалпы сомасы 83 млн. теңгеден асты. Тәртіпбұзушылықтар негізінен, Қарағанды, Жезқазған, Саран, Балқаш қалаларында тіркелуде.
Эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Осыған байланысты тұрғындардан барлық сақтық шараларынұстануды сұраймыз.
— Індеттің «Британдық», «Бразилиялық», «Оңтүстік Африкалық», «Үндістандық» штамдары туралы айта кетсеңіз?
— Британия штамы 2020 жылдың қыркүйегінде Англияда пайда болған. BBC сайтының жазуынша, Ұлыбритания билігі бұл мутация Қытайда шыққан вирусқа қарағанда 30- 50 пайыз жылдам тарайды деп мәлімдеген. Британиялық ғалымдар аталмыш штамның өлімге әкелу ықтималдығы 30 пайызға жоғары болуы мүмкіндігін атап айтқан.
Сарапшылар Британ мутациясына қатысты дерек аз болғандықтан, көп зерттеу қажет екендігін алға тартады. Бір анығы, Британия штамы Еуропа елдерінің көбінде үшінші толқынның басталуына себеп болды. Кейбір елдер коронавирустан өлім-жітімнің көбеюін де осы мутациямен байланыстырады.
Оңтүстік Африка штамы өткен жылдың қазанында осы елдің Шығыс Кейп провинциясында анықталған. Ғалымдардың сөзінше, көп өзгеріске ұшыраған. Сондықтан, бұл мутациядан кейбір екпелер толық қорғай алмайды. Бұл штамм да жылдам тарайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, бұл штамм ауыр дертке душар ететіні жайлы дәлел жоқ. Бірақ мутация егде тартқан және созылмалы ауруы бар адамдар үшін қауіпті.
Бразилия штамы биыл қаңтардың ортасында Жапонияға Бразилиядан ұшып келген жолаушыдан анықталған. Деректерге сүйенсек, бұл штамм желтоқсанда Бразилияның Манаус қаласында пайда болған.
Ал, «үнді» штамы – аса қауіпті мутация. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында «Дельта», немесе «Үнді» штамына тән COVID-19 мутациясы анықталды. Аталған коронавирус штамы аса контагиозды және басқа штамдарға қарағанда, жұқпалылығы 60%- ға жоғары. Ол 7 күнге созылатын қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталады. Індетті жұқтырғандар буындар мен іштің қатты ауырсынуын сезінеді, жүрек айнып, лоқсиды, ауру салдарынан адам саңырау болып қалуы әбден мүмкін және аяқтардың микротромбозына әкеледі.
Үнді штаммында көптеген мутациялар бар. Сондай-ақ, көктемде Үндістанда індеттің рекордтық толқынын осы мутация тудырды. Қазіргі таңда көптеген елдерде таралып, басқа штамдарды ығыстыруда
Сол себепті, халық қазіргі таңда инфекциядан қорғанудың бірден бір жолы COVID-19 вирусына қарсы вакцинаның толық курсын алу екенін түсінсе екен.
— «Вакцина» сөзін естігенде неге бәрі қорқады? Халықтың күдіктенуіне себеп бар ма?
— Вакцинация – короновирус инфекциясына қарсы жалғыз қорғаныш шарасы. Аурудың ауыр түрлерін, асқыну қаупін азайтады. Сіз екпе алғаннан кейін ауруды жұқтырғанның өзінде, ол жеңіл түрде, асқынусыз өтеді. Халықтың күдіктенуіне себеп жоқ. Себебі, вакцина инфекциялық агенттерді, ауру тудыруы мүмкін вирустарды, бактерияларды немесе басқа да микроорганизмдерді имитациялайды.
COVID-19-ға қарсы вакцинациялау кезінде ауру тудырмайтын, бірақ сонымен қатар, иммундық жауапты қауіпсіз генерациялайтын, инактивацияланған немесе әлсіздендірілген вирусты пайдаланып отырып фрагменттер қолданылады. Осылайша, адамның иммундық жүйесі тез және тиімді жауап беруге үйренеді.
Вакциналау арқылы тарихта барлық індеттер ауыздықталған. Егер, медициналық тұрғыдан қарсы көрсетілімдері жоқ азаматтарға екпе алған дұрыс.
— «Жанды жеріңді ауыртады», «Бедеулікке алып келеді» деген қауесет бар. Екпенің әсері қандай?
— Коронавирусқа қарсы екпенің әсері алғашқы үш күнде байқалуы мүмкін. Екпе алғаннан кейін кейбір адамның өзін әлсіз сезініп, қызуы көтерілуі ықтимал. Сондай-ақ, еккен жер ауырып, ісінуі мүмкін. Дегенмен мұның бәрі – қалыпты жағдай. Қалған қауесеттердің барлығы жалған.
— Вакцинаның түрлері, айырмашылықтары қандай?
— Hayat-Vax вакцинасы – белсенділігі жойылған коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина, Біріккен Араб Әмірліктері фармацевтикалық өндірісінде шығарылған. Вакцинаны БАӘ Денсаулық сақтау және алдын алу министрлігі 2020 жыл соңында тіркеді, содан кейін Қытайда 2020 жылы 30 желтоқсанда тіркелді. Бүгінгі күні Қытайдан басқа вакцина БАӘ-де өндіруге мақұлданды. Бұл вакцинаның 50 миллионнан астам дозасы әлемнің 34 мемлекетіне қолдануға жіберілген.
«Спутник V» — короновирустық жұқпаның алдын алуға арналған тіркелген ресейлік құрамдастырылған векторлық вакцина. Вакцина геномында иммундық реакцияны тудыратын SARS-CoV-2 s-ақуызының фрагментін кодтайтын кірістіру бар. Вакцинаны ұлттық микробиология және эпидемиология орталығының жасушалық микробиология зертханасының ұжымы жасаған.
«QazCovid-in», саудалық атауы «QazVac» — Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі биологиялық қауіпсіздік мәселелерінің Ғылыми-зерттеу институты жасап шығарған COVID-19- ға қарсы инактивті вакцина. Организмді әрекет етуге әзірлеп, иммунитетте антиденелер пайда болады. Сыртқы ортада жабайы айналымдағы вируспен кездескен жағдайда, организм көптеген антиденелермен шабуыл жасауға дайын болады.
Вакцинаның барлық түрі араға 21 күн салып, екі дозамен егіледі.
— Кімдерге екпе салуға болмайды? Жас айырмашылықтары ескеріледі ме?
— Екпе Қазақстанның кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге салынбайды.
Бұдан бөлек, бірқатар ауруға шалдыққан адамдарға абай болу керек. Мәселен, бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары; эндокриндік жүйенің бұзылуы (қант диабеті); қан түзілімі жүйесінің ауыр аурулары; эпилепсия, инсульт және басқа да орталық жүйке жүйесінің аурулары; жүрек-қан тамыр аурулары; иммун тапшылығы; аутоиммунды аурулар; өкпе аурулары, демікпе және өкпенің обструктивті аурулары; метаболиттік синдром мен диабет, аллергиялық реакциялар, атопия мен экзема; қатерлі аурулар, соның ішінде қан ауруларына шалдыққандарға екпе салынбайды.
— Вакцина салғандар вируспен ауырмайтындығына кепілдік бар ма?
— Вакцинация – өзіңізді және жақындарыңызды қорғаудың, пандемияны тоқтатудың жалғыз тәсілі. Өкінішке орай, бірде-бір вакцина қауіпті айтарлықтай азайтса да, ауруды жұқтырмауға жүз пайыз кепілдік бере алмайды. Барлық ережелерді сақтай отырып, вакцинациялау иммундық жүйені вирусқа қарсы тұруға дайындай алады. Сондықтан, ауруды жұқтырғанның өзінде ол жеңіл түрде, симптомсыз өтуі мүмкін.
Алайда, симптомсыз пациенттер инфекцияны тасымалдаушы болуы мүмкін екенін естен шығармау керек. Осы себепті, вакцинациялаудан кейін де айналадағы екпе алмаған адамдарды қорғау үшін әлеуметтік қашықтықты сақтап, бетперде тағуды жалғастыру қажет. –
С ұ х б а т ы ң ы з ғ а рақмет!