«Әуезов әлемі» жобасы өз мәресіне жетті
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов шығармашылығын насихаттауға бағытталған әдеби жоба қорытындыланып, үздік қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды. Кешке әдебиет жанашырлары, оқырмандар мен ұстаздар жиналды. Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі ұйымдастырған «Әуезов әлемі» жобасының қорытынды кеші өтті. Әдеби шараға қатысушылар, кітапсүйер қауым және педагогтар қатысты. Кеш барысында жобаның жеңімпаздары мен түрлі номинациялар бойынша үздік танылған қатысушыларға марапаттар табысталды.
Екі ай бойы жүргізілген «Әуезов әлемі» жобасының мақсаты – оқушылардың ойлау қабілетін дамыту және қазақ әдебиетіне қызығушылығын арттыру болды. Жобаның алғашқы кезеңінде қатысушылар жазушының әңгімелерін талдап, спикерлік шеберліктерін жетілдірсе, екінші кезеңде қалам арқылы өз ойларын көрсетуге мүмкіндік алып, эссе жазу арқылы алған әсерлерін жеткізді, – дейді ұйымдастырушылар.
– Біздің Редикс жобасы Мұхтар Әуезовтің шығармаларына арналды. Жобаның негізгі мақсаты – оқушыларға оның пьесалары мен туындыларын таныстырып, кітапқа деген қызығушылық пен сүйіспеншілікті ояту. Алдағы уақытта осындай жобалардың санын арттыруға ниеттіміз, – деді шараны ұйымдастырушы Фариза Кебекбаева.
– Мен бұл жобаны өте құнды деп бағалаймын. Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын оқырмандар арасында насихаттау – оның әлемін жаңғыртуға қосылған маңызды қадам деп есептеймін. Шара жақсы ұйымдастырылған және тиімді өтуде. Кітапқа қызығушылық тудыратын осындай жобалар көп болсын, –дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Талғат Ғабдуллин.
Жобаға белсенді қатысқан жастардың бірі – Әли Бейсенбек. Ол спикерлік бағыты бойынша үздік деп танылып, арнайы аталымға ие болды. Әли өз талдауында «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі әлеуметтік мәселелерді қазіргі қоғамдағы құбылыстармен байланыстырғанын және тың көзқараспен қарағанын атап өтті.
– Бұл әңгіме трагедиялы болғанымен, мен осы тақырыпты көтергім келді. Себебі бұл – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Сонымен қатар, ол өмір туралы. Өмір әрдайым күресті қажет етеді. Мұхтар Әуезовтің әрбір шығармасы терең әрі мәнді мәселелерді қозғайды, – дейді Әли Бейсембек.
Кеш барысында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, көрермендерге Мұхтар Әуезовтің шығармалары негізінде дайындалған театрландырылған қойылымдар көрсетілді.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»

