УАҚЫТЫ ӨТКЕН ТАМАҚ – УЛАНУДЫҢ ЖОЛЫ
Жазда бақша өнімдерінің саудасы қызады. Әсіресе, қарбыз бен қауынға сұраныс жоғары. Дегенмен, мамандар ерте піскен өнімдерді жемеуге кеңес береді. Бұл улануға алып келуі мүмкін. Аурудың алдын алу жолдары қандай? Аталған сұрақтарға Қарағанды облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары жауап берді. Санитарлық сала мамандары жеміс-жидекті таңдаған кезде мұқият болуды ескертеді. Қарбыз бен қауындағы нейтрат жылы кезінде шамадан тыс болуы мүмкін. Сондықтан салқындатып барып тұтынған абзал. Ал тамақтан улану жаз мезгілінде жедел түрде басталады екен. Алғашқы белгілері байқалған кезде бірден ауруханаға бару қажет деп мәлімдеді, Қарағанды облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Гүлжанат Аханова.
– Тамақтан уланудың белгілері: асқазанның ауырсынуы, құсу, жүрек айну, дене қызуының жоғарылауы және тағы басқа кері әсерлері сезіледі. Тамақтан уланудың клиникалық көрінісі уланудың түріне және зақымданған улы тамақты қанша мөлшерде жегеніне байланысты. Ең алғашқы белгілері зақымданған тамақты жегеннен кейін 30 минуттан 72 сағатқа дейінгі аралықта байқалады. Балалар мен қарт адамдар арасында ауыр түрде өтеді.
Тамақтан уланудың ең алғашқы белгілері білінген кезде әсіресе балалар, қариялар және жүкті әйелдер тез арада дәрігерлерлік көмекке жүгінуі тиіс. Сәбилердің ағзасы тез сусыздануға бейім болғандықтан, уақыт созбай емделу керек.
– Көктем, жаз айларында тамақтан улану жиі тіркеледі. Тамақтан улану дегеніміз – микробтармен және оның токсиндерімен ластанған азық-түлікті пайдалану салдарынан жедел пайда болатын, адамнан-адамға жұқпайтын аурушаңдық. Тамақтан улану тез арада, жедел түрде басталуы мүмкін, бір уақытта бірнеше адамның ауруы және аурудың белгілі бір тағаммен байланыстылығы сипатталады, – дейді Гүлжанат Аханова.
Қарағанды облысы бойынша соңғы 6 айда бақша дақылдарынан, тамақтан улану жағдайы тіркелмеген. Дегенмен санитар мамандар көтерме сауда орындарында жиі тексеріс жүргізеді. Тағамнан улану кезіндегі мән беретін нәрсе – қысқа уақыт ішінде бір емес, бірнеше адамның ауыруы. Жіті ішек инфекциясының инкубациялық мерзімі жарты сағаттан бір тәулікке дейін созылуы мүмкін. Дегенмен, алғашқы екі-төрт сағат ішінде жүрек айну, құсу, іш өту, дене қызуының 38-39℃-қа дейін көтерілуі, бастың ауырып, айналуы, дененің құрғауы сияқты белгілер байқалады.
Ал жіті ішек инфекциясына күдік туындаған жағдайда бірден медициналық көмекке жүгіну керек. Әсіресе, балаларда осы белгілер байқалса, уақыт оздырмау шарт. Уақытылы ем көрсетілмей, асқынған жағдайда салдары ауыр болуы мүмкін. Өз бетінше ем жасауға, ауруды басатын дәрілер ішуге, ішке ыстық заттар басуға болмайтынын ескертеді. Жіті ішек инфекциясының жазда өршіп кететіні жасырын емес. Инфекциялық ауру – мерзімдік. Оның шырқау шегі жазғы уақытқа сәйкес келеді. Күн сәулесі жіті ішек инфекциясы қоздырғыштарының ұзақ уақыт сақталып, көбеюіне әсер етеді. Оның қоздырғыштары қоршаған ортада, суда, тағамдарда, күнделікті үйде пайдаланатын заттарда болуы мүмкін. Инфекцияның таралу көзі науқас адам екенін ұмытпау керек. Ал, оны тарататын шыбын-шіркей немесе кеміргіштер. Сондықтан, уақытылы улау жұмыстарын жүргізіп тұрған дұрыс екенін алға тартады мамандар.
Биылғы жыртыжылдықтағы дерекке сүйенсек, 380 адамның ауырғаны тіркелген. 100 мың адамға шаққанда ауыру көрсеткіші – 31,83. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда инфекция жұқтырғандар 25,6% есе аз. Өткен жылы 512 жағдай анықталған болатын. Осы ретте айта кету керек, ауырғандардың көбісі, 89,4%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар.
Алайда кәуәпті мөлшерімен, майлы емес ет түрлерін және дұрыс пісірілген болса, жеуге болады. Мұндағы негізгі мәселе оны дайындау кезінде пайда болуы мүмкін канцерогендерде. Олар бензпиреннің жануы кезінде шығатын қытырлақ сыртында болуы мүмкін. Толық піспеген ет те денсаулыққа зиян. Піспей қалған жерлерде бактерия, паразиттер, құрттар да қалып қоюуы ықтимал, – дейді мамандар. Олар ағзаға түссе бруцеллезден бастап сальмонеллезге дейін неше түрлі ауру тудыруы ғажап емес. Жеген кезде оның түріне, құрылымына, иісіне мән беру керек. Үйде дайындаса, маринадталған етті жылы жерде ұзақ қалдыруға болмайды. Көшеде әзірленетін донер, шаурма, пицца, сүтті сусындар, зауыттық қаптамасы жоқ балмұздақтарды тұтыну қаупі басым. Ауаның жоғары температурасы, тағамды дайындау мен сақтау талаптарының орындалмауы, тазалықтың болмауы улануға алып келуі мүмкін. Сондықтан, көше бойындағы дүңгіршектерден тамақтанбауға кеңес береміз, деп мәлімдеді Қарағанды облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»