Уақыт пен кеңістіктегі Қарағанды

Облыстық бейнелеу өнері музейінде «Уақыт пен кеңістіктегі Қарағанды» қалалық шығармашылық симпозиум өтті. Оның шарттарына сәйкес әр қатысушы Қарағанды қаласына арналған тақырыпта 120 да 100 см аралығындағы форматта бір көркем шығарма жазуы тиіс. Жұмыс мұражайда орындалады.

– Бұрын біздің мұражайда мұндай іс-шаралар болған емес. Қала суретшілері қысқа мерзімде (20–28 тамыз аралығында) «Қарағанды уақыт пен кеңістікте» тақырыбы бойынша форматты сюжеттік жұмыс жасауы тиіс. Мұнда кез келген нәрсе болуы мүмкін, біз оларды тек реализммен шектемедік. Мүмкін олар бізге болашақта Қарағанды қандай болатынын көрсетер немесе өткен күндер мен тұлғаларды еске алады. Симпозиум қаланың 90 жылдығына арналған, – деп түсіндірді музей басшысы Бибігүл Құдабаева.

Симпозиумға алты қарағандылық суретші қатысты, олар: Айбек Бегалин, Бейбіт Мұстафин, Игорь Раков, Мадихан Қалмаханов, Қаныш Балабеков және Виктор Арент.

Симпозуимға қатысушыларлың бірі суретші, мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ҚР көркем   академиясының академигі, Бөкетов университетінің аға оқытушы Бейбіт Мұстафин өз туындысы мен жалпы симпозуим жайлы өз ойымен бөлісті.

-Туған қаламыз кеншілер қаласы күллі Қазақстанға, тіпті тек Қазақстанға ғана емес шетеледе де таныс қала ғой. Қала деңгейінде осындай симпозиум өтіп жатқаны қуантады. Жұмысым жайлы айтсам абстракциялық стиль дейді мұны, бірақ абстракция болғанымен таза түсініксіз болмайды. Алты суретшінің барлығы шынайы қаланың бейнесін фотодай қылып салған соң, мен ерекше болсын деп осы стильді таңдадым, басқа түрі болсын деп шештім. Мұндай симпозиумдар өте қажет, өзім жылда симпозиумдарға қатысамын. Осыған дейін жиырма шақты симпозиумдарға қатыстым, оны пайдасы үлкен, әсіресе суретшілерге өз алдына, жалпы халыққа пайдасы үлкен, -дейді Бейбіт Мұстафин.

Бір аптаға созылған симпозиумның қорытындысы ретінде музейде «Уақыт пен кеңістіктегі Қарағанды» көрме ұйымдастырылып, қатысушыларға құрмет көрсетілді.

– Көрмеде симпозиумның қорытынды жұмыстарынан басқа, біздің музей қорындағы сол суретшілердің суреттері ұсынылған. Көрерменге өткен және қазіргі жұмыстарды салыстыруға мүмкіндік беріледі. Олар шынымен де әртүрлі: суретшілер өз стилін, ырғағын, түсін және т. б. шамалы өзгертті, сонымен қатар біздің қаламыздың шежірешісі Павел Андрияктың жұмыстары ұсынылған, – деді музей басшысы Бибігүл Құдабаева көрменің ашылу салтанатында.

Қатысушылардың жұмыстары бір-біріне ұқсамайды, дегенмен барлығында бүгінгі және өткен Қарағанды бейнеленген. Жұмыстардың атаулары «Менің Қарағандым», «Қарағандыға мадақ», «Менің балалық шағымның қаласы», «Комиссаров көшесінде тұратын қарағандылық», «Өткенді зертте. Болашақты көр. Бүгінгі күнді жаса» және «Кежар».

Қаныш Балабеков өзінің картинасын «Менің Қарағандым» деп атаған.

– Мен екі жылға жуық қолыма қылқалам алмадым, бірақ симпозиумға қатысудан бас тарта алмадым. Өз жұмысымда Қарағандының даму тарихын көрсетуді шештім. Суретте адамдар жоқ, олардың бейнелері бас киімдермен белгіленген. Аппақ Байжановпен болған оқиғаны бәрі біледі, ол бөрік киген, міне, менің суретте 30–50 жылдардағы шахтерлердің каскасына, содан кейін шахтерлердің заманауи каскасына айналатын бас киім бейнеленген. Сондай-ақ көлікпен – арбалардан пойыздарға дейін, үйлер – киіз үйден, барактардан және Оңтүстік-Шығыстың бүгінгі көпқабатты үйлеріне дейін салдым, – деп түсіндірді суретші.

Шынайы қала өмірі мен қала тұрғыны сол қалпында бейнеленген картина – ол Мәжихан Қалмахановтың «Комиссаров көшесінде тұратын қарағандылық» атты суреті. Туындының шығу тарихы да ерекше.

– Мен симпозиумға бір апта қалған уақытта Комиссаров көшесімен серуендедім. Ол күні күн бұлтты болды, аздап жаңбыр жауды. Үйлердің бірінің жанындағы орындықта бір әйел отыр екен. Ол мені бірден баурап алды. Мен ол кісіні бейнелеуге рұқсат сұрадым: дәл сол кісіні салғым келді. Алайда, суретімде мен күнді ашық, шауақты етіп бөйнеледім, себебі, біздің Қарағанды кім не десе де жарқын қала, – дейді суретші.

Ал Айбек Бегалиннің картинасында қаламыздың өткені, бүгіні және болашағы бейнеленген.

– Менің картинамның негізгі идеясы – қаламыздың өткенін, бүгіні мен болашағын қарағандылықтар, сәулет, қала рухы арқылы байланыстырып көрсету болды. Қарағанды — бұл ең алдымен адамдар, сондықтан біз өз шығармашылығымызбен адамдарға және қалаға деген сүйіспеншілігімізді көрсетуге тырыстық, – деп атап өтті Айбек Бегалин.

Көрменің ашылуында барлық қатысушы-суретшілерге ақшалай сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Симпозиум шарттары бойынша суретшілердің барлық жұмыстары музей қорына өтеді. Кейінірек жинақ-альбом шығару жоспарлануда, оған симпозиумдағы фотосуреттер, суретшілер туралы ақпарат және олардың жұмыстары кіреді.

Шараны ұйымдастырушылар – Қарағанды әкімдігі, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, облыстық бейнелеу өнері мұражайы және Теміржолшылар МҮ.

Қарағандының туған күнін мерекелеу жыл соңына дейін жалғасады.

Құралай КӨБЕНОВА, «QH»