УАҚЫТ МАШИНАСЫНЫҢ БАРЫНА СЕНЕСІЗ БЕ?
Уақыт мәшинесі бар. Өйткені мен өткен ғасыр мен келер шақта болып келдім. Бұл «көлікті» әрбір адам игілігіне жарата алады. Біз күнде уақыт кеңістігіне сапар шегеміз. Бірақ көбіміз мұны көз алдымызға елестете алмаймыз. Ұстап көргіміз келеді. Сусып кете береді. «Өткен ғасырда болдым» немесе «болашақты көріп келдім» дейтіндер жүз-жүздеп, мың-мыңдап кездеседі. Айтып отырғандардың сөзі шын. Сонда мұның сыры неде? Бір-ақ ауыз сөзбен жауап беремін.
Жауабым да дайын: өткен шақ, осы шақ, келер шақ деген бар емес пе?! Міне, адам әлденені еске алғанда өткен шаққа, армандағанда келер шаққа сапар шегіп келеді. Қиялында. Ал куәгерлер – қиялын шынайылықпен алмастырып алған адамдар. Мәселен, шөл далада келе жатқан адамның көз алдына неше түрлі нәрсе елестейді. Мұны сағым дейді. Ізім-ғайым жоғалып кететіндер жайлы төменде арнайы баяндайтын боламыз. Басқа ғасырдың «қонағы» болып жүрген шығар?! Әбден мүмкін. Оған ораламыз. Біз айтқан куәгерлер не көрді екен? Соған тоқталайық.
Екі мыңыншы жыл. Украинада болған оқиға. Тәртіп сақшылары көшеде келе жатқан «күмәнді адамды» байқайды. Киімі ескі болғандықтан, қаңғыбас деп ойласа керек. Куәлігін сұрайды. Қараса, Кеңес Одағы кезіндегі құжат түрі. Бірақ құжат ескірмеген. Маңайындағы зәулім үйлерге таң-тамаша болып отырған «күмәнді адамның» туған жылы «1932» деп көрсетілген. Түріне қараса, қырықтар шамасындағы ер адам. Қолында мұражайдан ғана табылатын фотоаппараты бар. Бірақ жап-жаңа. Айтуы бойынша, жетпісінші жылдарда өмір сүріп жатыр. Екі мыңыншы жыл екенін естігенде таң-тамаша болады. Содан тәртіп сақшылары мұны жындыға балап, жындыханаға әкеледі.
Сәл шегінейік. Жетпісінші жылдар. Радиодан хабар жүріп жатыр. Әлдебір ғалым келешек туралы әңгіме айтып отыр. Қазір күнделікті қолданып жүрген техникалар жайлы баяндап жатыр. Ұялы телефон, қысқатолқынды пештің қандай болатынын сипаттап отыр. Жүрек ауыстыру жайлы да әңгіме қозғайды. Әрине, ол уақыт үшін таңсық дүние. Мұны естіген тыңдарман қабылдай алмайды. Олар үшін жындының әңгімесімен бірдей.
Жындыханаға оралайық. Әлгі адамға ел пайдаланып жүрген заттар – бөтен дүние. Дәрігерді күтіп отырады. Қараса, біреуі ұялы телефонмен сөйлесіп отыр, бірі қысқатолқынды пешті пайдалануда. Бірақ ол атауын білмейді. Сөйтсе, әлгі ғалым біздің «күмәнді адамымыз» болып шықты. Демек, ол келешекте көргенін өзінің уақытына жеткізген. Атауын білмесе де, сипаттап берген.
Дәрігердің кабинеті. Енді мынаған қараңыз. Өткен ғасырдың «қонағы» кабинетке кірген бетте, дәрігердің швейцариялық сағаты мен қабырға сағаты бір мезгілде тоқтап қалады. Бұл не сонда? Дәрігер не болғанын түсінбей дал.
Дәрігер барлық жағдайды сұрай бастайды. Әлгі ғалымның айтуы бойынша, көшеде келе жатып аспанда тәрелке тәріздес беймәлім нысанның ұшып бара жатқанын көреді. Қолындағы фотоаппаратымен түсіре бастайды. Бір сәтте айналасы өзгеріп шыға келеді. Зәулім үйлер. Аң-таң. Одан арғы әңгімені білесіздер.
Бұл адам туралы зерттеу жүргізеді. Кім бұл? Мұның таныстары тірі ме? Сөйтіп жүріп бір танысын табады. Әжей. Танысының айтуы бойынша, бұл адам сексенінші жылдары ізім-ғайым жоғалып кеткен. Содан бері хабар жоқ. Бәрі сәйкес келіп тұр. Жетпісінші жылдары ол біздің ғасырға «өткен», қайтып оралғанда радиода көргенін айтады. Ал енді ол он жылдан кейін қайда кетті? Қай ғасырда жүр?
Дәрігердің кабинеті. Қонақ бөлмеден шығып кетеді. Ал сағат? Сағат жұмыс істей бастайды. Біршама уақыт өткеннен кейін емделушінің жағдайын білейін деп барса, жоқ. Қайда? Бұл жындыханадан қашып кету мүмкін емес. Терезеден шығып кетті десең, темірмен бекітілген. Іздеуге кірісейік.
Бірер күннен кейін әлгі адамның танысы хабарласады. Хат келіпті. Саяхатшыдан. Ашып қараса, сурет. Жоғалып кеткен кездегі бейнесі. Фотосуреттің фонында – Киев. Бірақ қазіргі Киевке ұқсамайды. Постмодернизм стилінде салынған үйлер. Ол қайда жүр дейсіз ғой? Келер шақта. Үшінші уақыт кеңістігінде жүр. Жоғарыда жоғалып кеткен адамдар туралы сөз қозғап отырғаным сондықтан. Қайдан білесіз, олар біздің кейіпкеріміз секілді келер шаққа немесе өткен шаққа «өтіп» кеткен шығар. Қазір бұл әңгіменің барлығы сенімсіз болуы мүмкін. Ғылым мұны әлі нақты дәлелдеген жоқ. Бірақ соған келе жатыр. Келешекте мұның бәрі қалыпты жағдайға айналатын болады. Дегенмен бұл жағдай билік өкілдеріне белгілі болуы әбден мүмкін. Қоғамнан бір құпияны жасырып келеді. Ғалымдар уақыт кеңістігінде «сапар шегуге» болатынын дәлелдегенмен, мұны сыртқа шығартпай отыр. Белгілі бір мөлшерде ғана айтылады. Қалғаны – құпия.
Мұндай мысалдар жетіп артылады. Мәселен, бір жылдары АҚШ-та (осы шақта) биржадан қомақты сома ұтып алған адам шықты. Мінсіз. Барлығын тұп-тура тапқан. Мұны тұтқынға алады. Сөйтсе, уақыт саяхатшысы екен. Келешектің адамы. Содан бері ол адам жайлы еш хабар айтылған жоқ. Уақыт мәшинесінің қайда екенін айтқаны анық қой. Демек, олар мұның сыры неде екенін анықтады. Бірақ жария қылмай отыр.
Тағы бірде археологиялық қазбалардан шайтанарба табылды. Бесінші ғасырға тиесілі екені анықталды. Ал шайтанарбаның кейіннен пайда болғаны белгілі. Жақында ұялы телефонға ұқсас зат табылды. Бәрі уақыт мәшинесінің көмегімен жүзеге асқан.
Фотодеректер де жетерлік. Қырқыншы жылы түсірілген сурет. Суретте елден ерек киінген ер адам көзге түседі. Киім киісіне қарасаңыз, сексенінші жылдардағы сән үлгісіне келеді. Ол қайдан жүр?
Чаплиннің бір киносынан да қызықты кадрға кезіктік. Онда бір келіншек қолын құлағына тосып сөйлесіп бара жатады. Адам бостан-босқа мұндай әрекет жасамайды. Демек, ол келіншектің қолында ұялы телефоннан басқа дүние болуы мүмкін емес. Уақыт саяхатшысы Чарлидің киносына да ілігіп қалған екен.
Барсакелмес жайлы мақаламызда өткен шаққа барып келген адам туралы жазған едік. Италияның Такома (Сицилия) қаласында болған оқиға. 1753 жылы Альберто Гордони есімді адам қаншама жанның көз алдында қамалдың жанында жоқ болып кеткен. Бір қызығы, арада 22 жыл өткеннен кейін барып жоғалып кеткен орнында пайда болған деседі. Әлгі адамның айтуы бойынша, бір-екі минуттан кейін қайтып келген. Демек, бір уақытта үш шақ (өткен, осы, келер) жүріп жатыр. Ақымақтың әңгімесі деп айтсаңыз, түсіністікпен қараймын. Бірақ кезінде (жетпісінші жылдары) әлгі ғалымның қазірде біз тұтынып жүрген тұрмыстық техника жайлы әңгімесіне де ешкім сенбеген еді.
Енді ойлап көріңіз. Біз өмір сүріп жатқан шақ осы шақ па? Мүмкін, келер шақ шығар? Өткен шақта өмір сүріп жатуымыз да мүмкін. Менің түйінім біреу ғана: адам уақыт кеңістігі дегенді уақыт атаулыны санасынан өшірген жағдайда ғана түсінетін болады.
Ерболат ҚУАТБЕК,
«QH»