ТЖД өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады
Мерекелік демалыстарда, 31 желтоқсан – 4 қаңтар күндері Қарағанды облысының ТЖД 85 рет шақыртуларға шыққан, оның ішінде 34-і өрт және жану оқиғаларына, 50-і авариялық-құтқару және іздестіру жұмыстарына. Сонымен қатар осы уақыт аралығында 26 адам құтқарылып, 30 адам эвакуацияланған.
Оқиғаларға шолу
Абай қаласында Шерубай батыр көшесінде орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерде 10 шаршы метр аумақта терезе және есік блоктары, тұрмыстық заттар мен жиһаз жанған. Пәтер дәлізінде 1949 жылы туған ер адамның денесі табылды. Өрттің алдын ала себебі – отты абайсыз пайдалану (темекі шегу).
Қарағанды қаласының 11а шағынауданындағы бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтерде 4,5 шаршы метр аумақта ағаш еден, тұрмыстық заттар мен жиһаз жанған. ТЖД қызметкерлері арнайы құтқару қалпақтарының көмегімен баспалдақ арқылы 5 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарып шығарды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің алдын ала себебі – отты абайсыз пайдалану (темекі шегу).
Теміртау қаласының 6 шағынауданындағы бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтерде 5 шаршы метр аумақта тұрмыстық заттар мен жиһаз жанған. ТЖД қызметкерлерінің күшімен 1986 жылы туған ер адам құтқарылып, ауруханаға жатқызылды.
Саран қаласы, Тұрғынов көшесі, 17 үй мекенжайындағы жеке тұрғын үйдің ауласында орналасқан шаруашылық құрылыстың және моншаның ағаштан жасалған шатыр конструкциялары 15 шаршы метр аумақта жанған. Өрт салдарынан 3 қаз және 8 тауық қырылды. Өрттің себебі анықталуда.
Осакаров ауданының Орталық ауылында Фабрика көшесінде жеке тұрғын үйге жапсарлас салынған гараждың шатырындағы ағаш құрылымдар 20 шаршы метр аумақта жанған. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің алдын ала себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы.
Осы орайда Қарағанды облысының ТЖД барлық тұрғынды келесі өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады:
— сөндірілмеген темекі мен сіріңке қалдырмаңыздар;
— электр құрылғылары мен желілерінің жұмысқа жарамдылығын қадағалаңыздар;
— бірнеше электр құрылғыларының бір желіге қосылуына жол бермеңіздер;
— тек жұмыс істейтін пештерді, газ және электр аспаптарын пайдаланыңыздар;
— кем дегенде айына бір рет мұржаларды күйеден тазалаңыздар;
— пешті қатты қыздырмаңыздар және жарықтарды дер кезінде жабыңыздар;
— пеште немесе оған жақын жерде отын немесе тұрмыстық заттарды кептірмеңіздер, оған жақын жиһаз орнатпаңыздар;
— балалардың отпен ойнауына жол бермеңіздер, балаларға пеш жағуға рұқсат бермеңіздер және оларға сеніп тапсырмаңыздар.
Ықтимал өрттердің кез келген алғышарттары бойынша Төтенше жағдайлар қызметінің кезекші бөліміне 112 немесе 43-36-36, 43-37-37 телефондары арқылы хабарласыңыздар!
Сақтықта қорлық жоқ! Өзіңіз бен жақындарыңызға абай болыңыздар!
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»