Тыл ардагерлері мен еңбек ерлері
2025 жыл – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы! Бұл тарихымыздың үлкен кезеңі, ел болашағы үшін күрескен ата-бабаларымызды еске алатын ерекше сәт. Осы атаулы күнге орай, соғыс жылдарында ерен еңбек етіп, елдің дамуына үлкен үлес қосқан тыл ардагерлері Тонтай Тыныбекұлы мен Қабылдина Бибікен Тыныбек келінінің өмір жолына көз жүгіртсек, біз үшін олардың еңбегі мен ерлігі ұрпақтарға үлгі боларлықтай.
Ауылдың ерекше Еңбеккері – Тонтай Тыныбекұлы 1910 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Қарасу ауылында дүниеге келді. Оның бүкіл өмірі еңбекпен өтті. Жастайынан ауылшаруашылығына араласып, туған жерін гүлдендіру үшін бар күшін салып жұмыс істеген Тонтай атамыздың аты ел арасында зор құрметке ие болды. Ол ауылшаруашылығында түрлі қызмет атқарып, өзен суын тартып, тоғандар салу сияқты ауқымды жобаларды жүзеге асырды. Осы жұмыстар арқылы ол Қарасу ауылында «Тонтайдың тоғаны» деген атаумен белгілі су арналарының негізін қалады. Бұл тоғандар бүгінде Қарасу жерінде тарихи ескерткіш ретінде сақталып, сол кезеңнің еңбекқор ұрпақтарының ерлігі туралы сыр шертеді. Соғыс жылдары ауыл ер азаматтары майданға аттанған кезде, Тонтай Тыныбекұлы тылда өз жұртына көмек көрсетіп, егін егіп, оны суарып, елдің тұрмысын жақсартуға елеулі үлес қосты. Оның қажырлы еңбегі ауылдың тұрғындары арасында үлкен құрметке ие болды. Осыдан жетіле келе, ол ауылдың дамуына және өмір сүру деңгейінің көтерілуіне зор ықпал етті.
Қиындыққа төтеп берген әйелдің бейнесі – Қабылдина Бибікен Тыныбек келіні 1920 жылы Қарабұлақ ауылында дүниеге келді. Өмірінің бастапқы кезеңінде ауыр тағдырды бастан кешірген Бибікен анамыз әкесінен ерте айырылып, ағаларының қамқорлығында тәрбиеленген. Тек бесінші сыныпқа дейін ғана білім алып, жастайынан еңбекке араласқан ол түрлі қиындыққа төтеп бере отырып, өз өмірін қиындықпен өткізді. Алғашқы еңбек жолын Балқаш қаласындағы зауытта бастаған Бибікен анамыз кейін тыл жұмысына жіберіліп, егін жинап, шөп орып, ауылшаруашылығында еңбек етті. Соғыс жылдарында ол өзі үшін және ауылдың дамуы үшін барын салды. Тонтай Тыныбекұлымен танысып, шаңырақ көтерген Бибікен анамыз жеті бала тәрбиелеп, оларды адал еңбек пен патриотизмге тәрбиеледі.
Сонымен қатар, ол Карл Маркс колхозында үздік сауыншы атанып, талай марапаттарға ие болды. Оның еңбегі тек колхозда ғана емес, сондай-ақ құрылыс саласында да кеңінен танылды. Құрылыс жұмыстарында ер азаматтармен бірге еңбек етіп, ауылдағы кеңселер мен гараждарды, жылу жүйелерін орнатуға атсалысты. Құбыр тарту, жер қазу секілді ауыр жұмыстарды мойнымен көтеріп, әйелдерге арналған еңбектің қиындықтарын жеңе отырып, өз ісіне жауапкершілікпен қарады.
Тонтай Тыныбекұлы мен Қабылдина Бибікен Тыныбек келіні – тыл ардагерлері ретінде тек қана қиын-қыстау замандағы емес, сондай-ақ бейбіт уақытта да еліміз үшін адал еңбек етті. Олардың есімдері ауылдың тарихында алтын әріппен жазылып, кейінгі ұрпақ үшін үлгі болып қала береді. Олардың маңдай тері сіңген егістік жерлер, тұрғызған тоғандар мен ғимараттар бүгінгі ұрпаққа үлкен мұра болып сақталды. Бүгінде Тонтай Тыныбекұлы мен Қабылдина Бибікен Тыныбек келіні сияқты аңыз адамдардың есімдерін ұрпаққа жеткізу біз үшін үлкен құрмет. Осы ардагерлердің ерлігі, тылдағы еңбек жолы, туған жер үшін жасаған адал еңбектері біздің жүрегімізде мәңгілікке сақталады. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында олардың есімдерін еске алу – тек өткенді құрметтеу ғана емес, қазіргі ұрпақ үшін ұлттық рухты көтеру мен адал еңбекке деген құрметтің белгісі.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»