Туберкулез туралы не білеміз?
Туберкулез – қоршаған ортада кең тараған аса жұқпалы ауру. Қоздырғышы сыртқы ортада тұрақтылық танытатын туберкулез таяқшасы. Ол адам ағзасына «кох таяқшасы» деп аталынатын қоздырғыш вирустың енуі арқылы пайда болады. Бұл таяқша ауада сақталады және адам организміне ауа тамшыларымен енеді. Әсіресе, қорғаныш қабілеті толық қалыптаспаған жас балалар үшін және әлсіз, дімкәс, ауруға жақынырақ тұратын ересек адамдар үшін бұл – өте қауіпті ауру болып саналады. Себебі, мұндай адамдарға ауру ауа арқылы тез жұғады.
Туберкулез ауа арқылы таралып, жұғады. Инфекцияның негізгі көзі – өкпе туберкулезіне шалдығып, тиімді ем қабылдамай жүрген науқас адам. Түшкірген және жөтелген ол ауаға Кох таяқшалары бар ұсақ тамшылар аэрозолін бөледі. Бұл аэрозоль ұзақ уақыт бойы ауада сақталады. Сондықтан желденбейтін бөлмеде ол тыныс алу кезінде ауа арқылы басқа адамның ағзасына түсуі мүмкін. Бұл бөлшектер өкпеге түсіп, инфекцияны жұқтырады және иммунитеті төмен болса немесе науқас адаммен (инфекция көзімен) ұзақ уақыт бойы тығыз қарым-қатынаста болған жағдайда ауру пайда болуы мүмкін Сол сияқты туберкулезбен ауыратын үй жануарлары да: сиыр, түйе, доңыз туберкулез ауруын таратады. Туберкулезбен ауыратын малдың сүтін және ет өнімдерін дұрыс өңделмей пайдаланылған жағдайда жұғады.
Туберкулездің клиникалық белгілері
- әлсіздік, тез шаршау;
- асқа зауқы соқпау, жүдеу;
- 3 аптадан аса жөтеліп жүру;
- салмақ жоғалту;
- кеуде қуысының ауырсынуы;
- қан түкіру;
- түнде немесе ұйқыдан оянған кезде терлеу;
- дене қызуының 37 градустан жоғары көтерілуі;
- түстен кейінгі мезгілде бейжай болуы.
Осындай белгілер білінсе міндетті түрде терапевт-дәрігерге көрініп қақырықты екі күн қатарынан екі рет «Кох таяқшасына» тексеру керек. Егер тексерілген қақырықта туберкулез микробоактериясы табылмаса, онда ол науқас рентген арқылы тексерілуі тиіс. Әр нәрсенің алдын алған жөн, себебі туберкулездің жеңіл түрі болса, ол тез емделіп, тез жазылады. Қандай жағдайда болмасын, туберкулезге шалдыққан адам тез арада емделуі қажет. Қазіргі жағдайда туберкулезбен ауырған жанды емдеп жазуға болады.
Туберкулездің алдын алу шаралары
Кез-келген дертті емдегеннен гөрі, алдын алған оңай. Алдын алу шараларын жүргізу туберкулезге шалдығу қаупін төмендетеді.
Дер кезінде дәрігерге көрініп, туберкулездің алдын алуға, оның бойға дендеп енбеуіне әрекет жасамасаңыз, ауру адам ағзасын толық жаулап, өлімге апарып соқтыруы мүмкін. Себебі, туберкулез қоздырғыштары аса белсенді, оларды жою оңай емес.
Онымен ауырған адамға туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектермен емделудің арнайы толық курсынан өткен жағдайда ғана сауығуға болады. Емделу кезеңі 18 айға немесе одан көпке созылады, оның 2-3 айы міндетті түрде ауруханада өткізілуі тиіс.
Салауатты өмір салты. Бұл мақсатқа жету үшін ең жақсы жолы – күн тәртібін құру және ағзаны шынықтыру.
Таза ауада серуендеу, күн және су процедуралары, дене шынықтырумен айналысу, демалыс пен еңбек жүктемесінің дұрыс үйлесімі, толыққанды, дәрумендерге бай тамақтану, жеткілікті және уақтылы ұйқы, яғни дұрыс гигиеналық тәртіп адам ағзасының нығаюына ықпал етеді және оны туберкулез ауруынан қорғайды.
Жыл мезгіліне қарамастан, таза ауада мүмкіндігінше көбірек болу қажет, өйткені таза ауа ағзаға жақсы әсер етеді және шынығудың тамаша жолы.
Жеке гигиена ережелерін сақтау: жуу құралдарын және ағынды суды пайдалана отырып, қолды, ыдыстарды жуу, тұрғын үй-жайларды ылғалды жинау және желдету, ет пен сүтті міндетті термалық өңдеу, жеке гигиеналық құралдар мен ыдыстарды пайдалану, су процедуралары – сүртіну, құю, душ.
Туған кезде БЦЖ-мен міндетті түрде вакцинациялау.
Туберкулезді дер кезінде диагностикалау.
Егер, Сіз немесе Сіздің отбасы мүшелеріңіздің бірі ұзақ уақыт бойына жөтелсе, тез арада дәрігерге көрініңіз. Ерекше қауіпті және жұқпалы аурудың белгілерін байқасаңыз, уақыт өткізбеуге тырысыңыз. Заң бойынша туберкулезді емдеу – тегін. Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, адамдар көп нәрсеге мән бере бермейді. Әсіресе, денсаулықтың қадірін тек ауырып, ем іздей бастағанда ғана түсіне бастайтыны жасырын емес.
Сондықтан, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік!
Н.М.АЙМАҒАНБЕТОВ
Қарағанды қаласы
Қазыбек би атындағы ауданының
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы