«Туған күнің құтты болсын, ардагер!»: Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған құттықтау патриоттық десанты
2 мамыр күні «Туған күніңмен, ардагер!» патриоттық десанты аясында Ұлы Отан соғысының ардагері, қарағандылық Сәттіғұлов Сұңғат Смағұлұлын 102 жасқа толуымен және Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтауға Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері және Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушілері мен тәрбиешісі Қарабалина Данара Қайратқызы келді.
Сәттіғұлов Сұңғат Смағұлұлы 1923 жылы 1 қаңтарда Қазақ КСР-інің Павлодар облысында дүниеге келген. 1941 жылы Қарулы Күштер қатарына шақырылды. Жаяу әскер училищесін бітіргеннен кейін майданға жіберілді. Миномет взводының командирі ретінде шайқастарға қатысты. Сталинград шайқасына қатысқан. 1943 жылы Сталинград түбіндегі ұрыстардың бірінде лейтенант Сәттіғұлов жарақат алды. Емделіп, 1944 жылы қайтадан майданға оралды. Минск қаласын азат етуге қатысқан.
Сұңғат Смағұлұлы бірқатар мемлекеттік наградалармен, атап айтқанда екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарымен, мерейтойлық медальдармен марапатталған. 1956 жылдан бері ардагер Қарағанды қаласында тұрады.
Елге жасаған ерлігі мен жанқиярлығы, Ұлы Жеңіске қосқан баға жетпес үлесі, тәуелсіз елдегі бейбіт өмір үшін алғыс ретінде кітапхана қызметкерлері ардагерге гүл шоғын, құттықтау ашық хатын табыстады. Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушілері Сұңғат Смағұлұлына арнап өлең оқып, құттықтау плакаты мен тәрбиеші және оқушылар дайындаған сыйлықтарды табыс етті. Қонақтар ардагерге оптимизм, рух сергектігі мен мықты денсаулық тіледі.
Біздің даңқты жерлесіміз құттықтауларды қабылдап, майдан жастығы туралы естеліктерімен бөлісті, тарихи жадымызды сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Жастармен әңгіме барысында ол майданға қалай аттанғанын, жауынгерлік жолын, қарулас достарын, Сталинград түбіндегі қанды шайқас туралы, ауыр жарақаты мен қатарға қайта қосылған сәтін әңгімелеп берді. Балалар Сұңғат Смағұлұлының әңгімесін мұқият тыңдады, өйткені батырлық өткеннің тірі куәгерінің естеліктері — баға жетпес, қайталанбас құндылық екенін олар терең түсінді.
Жастар Сәттіғұлов Сұңғат Смағұлұлы туралы Ресейдің «Үшінші мыңжылдықтағы білім» өңіраралық қоғамдық қоры дайындаған «Менің соғыcым» атты циклдің аясында деректі фильм түсірілгені туралы хабарды үлкен мақтанышпен қарсы алды. Бұл фильм 2025 жылы rutube.ru сайтында жарық көрді: https://rutube.ru/video/413413ca6c95b383be6f48aff239e587/
Ардагер жастарға жүрекжарды алғысын білдірді. Ол Жеңіс күнін қарсы алған сәтін әлі күнге дейін есінде сақтап келеді. Жастарға арнаған өсиетін мынадай сөздермен қорытты: «Аспанымыз ашық болсын, ата-бабамыздың ерлігін лайықты жалғастырушы болыңдар!».
Патриоттық десант жалғасуда, себебі Жеңіс туралы естелік тек мерекелерде ғана емес, сонымен қатар оның қаһармандарына — тарихтың тірі сақтаушыларына деген шынайы құрмет пен ықыласта өмір сүреді.
С.Ж.Жүсіпова,
Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының инновациялық-әдістемелік бөлімінің басшысы