«Туған елге тағзым»
Қарағанды Назарбаев Зияткерлік мектебі «Туған елге тағзым – 2022» зерттеу-өлкетану экспедициясын ұйымдастырды. 40-тан астам оқушы өңірдің тарихи-мәдени көрікті жерлерін аралап, түрлі өндірістік нысандармен танысты.
– Экспедиция балалардың туған өлке туралы көбірек біліп, оның тарихымен танысу мақсатында өтті. Дәстүрге айналған жоба оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға көмектеседі. Экспедиция қорытындысы жөнінде оқушылар жобалау жұмыстарын дайындап, Зияткерлік мектептердің желілік конкурсына қатыса алады, – дейді НЗМ директорының орынбасары Жұлдыз Биманова.
Биыл экспедицияға оқу жылында үздік нәтиже көрсеткен 40-тан астам оқушы қатысты. Бір апта бойы оқушылар Қарағандының тарихи-мәдени орындарында, Қарқаралы жерінде болды.
Сондай-ақ «QazTehna», «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі, фармацевтикалық кешен және метеорологиялық станция сияқты кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Оқушылар экспедицияға қатысып қана қоймай, алдағы уақытта зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Келесі оқу жылында олар өз жобаларын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің байқауына ұсынады.
Өткен жылдардағы экспедициялар қорытындысы ретінде оқушылар «Қарағанды физикалық міндеттерде», «Сарыарқаның геологиялық тарихы» сынды қызықты жобалар дайындаған.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА
«QH»