Театр фестивалі мәресіне жетті

Қарағандыда республикалық театр фестивалі аяқталды. Әшірбек Сығай атындағы бас жүлдені «Құлагер» спектаклі үшін алматылық Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ балалар мен жасөспірімдер театры иеленді. Екінші Тәуелсіздіктің 30 жылдығы Гран-при жүлдесі Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды қазақ драма театрына «Электра» қойылымы үшін берілді.

Белгілі театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай атындағы бірінші фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен он бес театр қатысты. Қазылар алқасының айтуынша, олардың репертуары бірбіріне ұқсамайтын, қызықты болған. Көрермен назарына классикамен қатар заманауи жанрлар да ұсынылды.

— Әшірбек Сығай атындағы фестиваль дәстүрге айналғанын қалаймыз. Оны екі жылда бір рет өткізу жоспарда бар. Жас режиссерлер шығармашылыққа жаңа идеялар енгізуде. Сондықтан, қазақ театрының болашағына сеніммен қарауға болады, — деп атап өтті қазылар алқасының мүшесі Мирас Әбіл.

Фестиваль соңында он бес номинация бойынша жеңімпаздар анықталды, оның екеуі бас жүлде болды.

Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры Әшірбек Сығайдың шәкірттерінен арнайы сыйлық алды.

Бірінші орынды оңт.стік астананың мемлекеттік қуыршақ театры, екінші орынды Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры, үшінші орынды Семейден келген «Дариға-ай» жастар театры иеленді.

Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау музыкалық драма театрының қоржынында қос жүлде: «Найзағай» спектаклін сахналаған Дина Құнанбайға «Үздік режиссура»; артис Абзал Ратбекке «Үздік актер» номинациялары берілді. «Үздік актриса» атағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ академиялық драма театрының актрисасы Амира Омароваға бұйырса, «Үздік сценографияны» Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры еншіледі. Жерлестеріміз , К.С.Станиславский атындағы Қарағанды орыс драма театры «Үздік актерлік ансамбль» номинациясын жеңіп алды. «Екінші пландағы үздік актерді» Ақмола облыстық орыс драма театрының актері Максим Михеев, «Екінші пландағы үздік актрисаны» Нұр-сұлтан қаласының Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының артисі Ажар Шакіржанова иеленді. «Үздік эпизодтық рөл» ретінде әйелдер арасынан – Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрынан Еркежан Төлеубек пен ерлер арасынан – Ильяс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрынан Олжас Бекайдаров танылды.

Бас жүлдені иеленген «Құлагер» саунддрамасының режиссері Фархад Молдағалидің айтуынша, бұл оның бірнеше жыл бойы жүрегінде сақтап, ойын жүзеге асырған ерекше спектакль.

— Фестивальге менің үш қойылымым қатысты. Солардың бірі – «Құлагер» саунд-драмасы бас жүлдені жеңіп алды. Спектакльді біз бір жарым жыл бұрын дайындадық. Алайда, пандемияға байланысты аз көрсетілді. Бұл – біздің алғашқы жеңісіміз, – деп атап өтті Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Фархад Молдағали.

Ал, «Үздік актриса» номинациясының жеңімпазы Амира Омароваға спектакльде өзінің кейіпкері Электраны ойнау оңайға соқпаған. Бірақ, ол өзінің ерекше рөлін керемет орындап шықты.

– Маған Электраны сомдау қиын болды. Себебі, бұл – ерекше кейіпкер. Спектакльдің өзі психологиялық жанрда. Менің жұмысымды жоғары бағалағанына қуаныштымын, – деді жас актриса.

Ақторғын ДАРХАНҚЫЗЫ,

QH