Трактор тізгіндеген еңбек адамы

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында кез келген техниканы еркін меңгерген ерекше жан тұрады. 74 жастағы Рымкеш Абжанқызы – жастайынан еңбекке араласып, бүгінге дейін белсенділігін жоғалтпаған қайсар жан. Ол көктемде жер жыртып, жазда шөп шауып, ал қыста қар тазалап, ауыл тіршілігінің қайнаған ортасында жүреді.

Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданына қарасты Темірші ауылының тұрғыны Рымкеш Абжанқызы – еңбекқорлығы мен қайсарлығының арқасында елге сыйлы болған жан. Зейнет жасына қарамастан, ол әлі күнге дейін белсенді өмір салтын ұстанып, күнделікті шаруасын өзі атқарады. Қар түскен сайын ауласын тазалау – оның үйреншікті дағдысы. Тракторын оталдырып, немерелерін қасына ертіп, айналаны ретке келтіреді. Қыстың өзінде күніне екі сағатқа жуық далада еңбек етеді. Оның айтуынша, сергек жүрудің басты сыры – тынымсыз қозғалыс. Рымкеш Абжанқызы еңбек жолын небәрі 18 жасында бастап, тракторшылар курсын тәмамдағаннан кейін механизатор болған. Содан бері ерлермен қатар еңбек етіп, түрлі техниканы меңгерген тәжірибелі маманға айналды. Ол тек жүргізіп қана қоймай, техниканы жөндеудің де шебері. Сынған көліктерді өзі қалпына келтіріп, қайта іске қосады. Өмірлік серігі Мағзұм Алтыбаевпен бірге еңбек етіп, бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрді. Жолдасы мал шаруашылығымен айналысса, Рымкеш әже совхозда бас сауыншы болып, бір сағатта 18 сиыр сауған еңбекқорлығымен ел есінде қалған. Бүгінде ауылдастары оны «мобилді әже» деп атайды. Себебі ол тек трактор емес, квадроцикл мен қарда жүретін техникаларды да еркін меңгерген. Қажет кезде снегоходпен ауыл ішін аралап, ел шаруасына көмектеседі.

– Қозғалыссыз өмір жоқ. Қол қусырып отыруға болмайды. Еңбек адамды шыңдайды, денсаулықты да сақтайды. Қазір де техникаға отырып, жұмыс істегенде өзімді жас кезімдегідей сезінемін, – дейді Рымкеш Абжанқызы.

Рымкеш Абжанқызы – 10 баланы дүниеге әкелген батыр ана, 20 немеренің ардақты әжесі. Ол ұрпағына еңбекқорлық пен табандылықтың үлгісін көрсетіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп келеді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»